Басты бет Басты ақпарат Облысымызды Елбасы аралады

Облысымызды Елбасы аралады

0
15

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Талдықорған қаласындағы Көрме орталығы мен Салтанат сарайын аралады. Жұмысын Көрмені аралаудан бастаған Елбасы кәсіпкерлермен кездесті. Өңірде соңғы бес жылдағы қол жеткізілген нәтижелер мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, ауылшаруашылығы кооперативтерінің құрылуы жайында мағлұматпен таныс болған Елбасына өңір басшысы Амандық Баталов экономикалық даму, ауылшаруашылығының өркендеу жолдарын да әңгімеледі.


Облыстағы туризмнің дамуын да сөз етті. Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге артқандығын, Алакөл ауданында көрсетілетін қызмет көлемінің 8 есеге көбейгендігін жеткізді өңір басшысы. Облыс басшысының айтуынша, өткен жылы тартылған инвестиция мөлшері 42,7 миллиард теңгені құраса, 2018 жылы 53,9 миллиардқа жеткен. Сонымен бірге қайта өңдеу кәсіпорындары туралы, әсіресе ет пен сүт өнімдерінің сұранысты өтеудегі мүмкіндіктері жайлы жан-жақты айтты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов аймақта 100000 шағын және орта бизнес нысандары жемісті жұмыс атқарып отырғандығын түсіндіріп, Елбасының кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында бір ғана «Бастау» мектебінде 1312 адам оқып, жаңа кәсіпке бейімделгендіктерін, қазірдің өзінде 3361 адам кәсіпкерлік әліппесін үйренуге ниет білдіріп отырғандығын тілге тиек етті. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев мемлекет басшысының бес бастамасына ерекше ден қойылғандығын жеткізді. Виртуальді көрсетілім бойынша облыстың мәдени ошақтарына саяхат жасады. Мұражайлар, ондағы жәдігерлер экран арқылы таныстырылды. Мемлекет басшысының Шоқан Уәлихановтың мемориалды мұражайы жайлы сұрағына да бейнекөрсетілім арқылы жауап берді, тың жәдігерлермен таныстырды. Сонан соң Салтанат сарайына бас сұққан Нұрсұлтан Әбішұлы неке қию және жиын өткізетін залды аралады. Осы ғимаратта журналистермен кездесіп, БАҚ өкілдеріне облыста өз тапсырмаларының толық орындалып жатқандығын, үш жылда үш миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгендігін, 35 мектеп салынғандығын мақтау сезімдерімен жеткізді. Жұмыс сапарының басын Алакөлді аралаудан бастағандығын айтып, «Алакөл Қазақстанның туристер көптеп келетін жері болуы керек. Дәл елдің ортасында Алматыға да, Қарағанды мен Астанаға да жақын. Мына жақтан Балқаш пен Жезқазғанға да жақын. Бұл – шипалы көл. Суының емдік қасиеті бар. Өте қажетті жер. Қазақстандықтар осы жерге келіп демалулары керек…», – деді. «Облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беремін. Облыс әкімі Амандық Баталов менің берген тапсырмаларымның барлығын орындады. Соңғы 3 жылда аймақта 3 млн. шаршы метр баспана қолданысқа берілген.
Облыста бұрын қант қызылшасы, жүгері өсірілетін. Осыларды қалпына келтір деп тапсырма берген едім. Бүгінде қант қызылшасының алқабы жыл санап кеңейіп келеді. Тәтті түбірді қайта өңдеуден өткізетін кәсіпорындар да іске қосылды. Енді жүгеріні қолға алу керек. Соя, арпа өсіру керек. Бұлар осы жақтың төл дақылы. Яғни, күнкөріс көзі. Халықтың үйренген кәсібімен шұғылдануына жағдай жасаған дұрыс. Алма бақтарының алқабы кеңейіп келеді екен. Алакөлге барған сапарымда туризм мен кәсіпкерліктің қанат жайып келе жатқанына куә болдым. Ақши ауылының турист қабылдау мүмкіншілігі жоғары. Алматы – Талдықорған тасжолы жасалды. Енді сондай жол Алакөл ауданы арқылы Шығыс Қазақстан облысына тартылады. Алматы облысы шекара маңында орналасқан. Сондықтан екі ауданды қайта құрдық. Ол аудандар тұрғындарының қуанып жатқанын білемін. Құттықтаймын. Көшкен ел қайтып келуі үшін өндірісін дамытып, жұмыс беретін жағдай жасау керек.
Газдандыру қарқын алып келеді. Бүгінгі таңда газ желісі көптеген елді мекендерге таратылған. Әлеуметтік саладағы жаңалықтарға қуандым. Жалпы облыстың экономикасын 4 аудан алға сүйреп келеді. Енді, артта қалған аудандарға жағдай жасалуы тиіс. Солардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салыңдар. Мектептер әлі де салыну керек. Себебі, бала саны артып келеді. Демография жақсаруда. Жалпы Алматы облысы, оның ішінде Талдықорғанда тұру – бақыт. Мұндай таза ауада тұрған адамдар сырқаттанбайды да. Сіздер бақыттысыздар, талдықорғандықтар. Ел-жұртқа амандық тілеймін. Бақытты болыңыздар, отбасыларыңыз аман болсын», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізді аралап, өз тапсырмаларының орындалу барысын бақылап, жетістіктерге көз жеткізгені, облыстың жұмысына оң баға бергені бәріміз үшін мәртебе. Шүкір қай саланы алсақ та оның даму, өркендеу қарқынына куәміз. Елбасынан биік баға алған өңіріміздің бұдан да көркейіп, дамитындығына шүбә келтірмейміз. Жер жаннаты Жетісудың жайнап, жайқалуына әрқайсысымыз үлес қосамыз деген үлкен сенім көкірегімізде қалықтайды. Елбасы айтпақшы бұл өңірдің адамдары бақыттымыз. Сол бақытымыз мәңгілік болғай…

Баян МАМЫРБАЕВА

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды толтырыңыз *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Ардагерлерді ардақтады

Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, тіршілік атаулының барлығын жалмап жұтатын ажал, ол – …