Басты бет Рухани жаңғыру БАСҚАҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН БАҚЫТТЫ ЖАН

БАСҚАҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН БАҚЫТТЫ ЖАН

0
1,640

Басқа түскен сын, салмақ адам баласына қанат бітіріп, алдына сан түрлі мақсат қоюға және соған жетуге талпыныс жасауға күш-жігер береді десек қателеспейміз. Олай деп айтуымызға да негіз бар. Елдос Баялышбаев – Талдықорған қаласының тұрғыны. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ілияс Жансүгіров атындағы колледжді бітіріп, университетке түсіп, оқуына небары 20 күн қалғанында жол апатына түседі. Содан мойын омыртқасымен арқа сүйектері сынып, жұлыны қысылып қалады. Ауруханаға жанындағы достары жеткізеді. Дәрігерлер Елдосқа өмір бойы төсекте таңылып, тек жеті жыл өткен соң ғана отыра алуы мүмкін екендігін айтады.


Уақыт өте келе жаттығу жасап, массаж алуды қолға алған Елдос жарты жылдың ішінде-ақ өздігінен отыра алатын жағдайға жетеді. Бір жылдан кейін еңбектей бастайды. Ата-анасы тренер жалдап, туған ағасы жүріп-тұруына көмектесті. Содан келе АҚШ-тық тәжірибе қандай, Дикуль жаттығуларын қалай жасауға болатындығы жайлы интернеттен видеосабақтар алып, ағасы оны өзі жаттықтыра бастайды. Бірте-бірте үздіксіз жаттығулар өз әсерін береді. Екі жылдан кейін мүлдем қимылсыз қалған жігіт қозғалысқа келеді. Біртіндеп аулада, үйдің ішінде қадам жасауды үйреніп, алған жарақатына, сынған омыртқа, аяқ-қолына жан бітеді. Осылайша жаттығулардың, қозғалыстың арқасында қолдан келмес істі жасауға болатындығын түсінген Елдос мұны өзге де мүмкіндігі шектеулі жандардың білгенін қалайды. Содан бастап жаттығу залын ашуды алдына мақсат етіп қойып, қала әкімдігіне барып, идеясын ұсынады. Қала әкімдігі Елдостың ойын қолдап, «Асар» реабилитациялық орталығының ғимаратын қолданысқа береді. Армандаған мақсатына қол жеткізген соң «Ерлік» мүгедектер қоғамдық ұйымының төрайымы Роза Ақжаркеновамен бірге жұмыс жасайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша білім алып, 3 миллион теңгелік грантты жеңіп алады. Содан кейін осы қаражатқа жаттығуға қажетті құралдарды сатып алуға мүмкіндік туады. Кейбір құралдарды ағасы сызбаға қарап өз қолынан жасап көмектеседі. Бір белесті бағындырып, екіншісіне ұмтылу ол заңдылық. Өмірдің қызық, ғажап екендігін сонда ғана түсінетіндігің де ақиқат. Айналаңда рухтың, жігердің күшін сезініп, басқа түскен қиындықты бірге жеңуге, бір-біріңе көмектесуге әрдайым дайын азаматтардың да болғаны жақсы. Осындай қолдаулар мен демеулердің арқасында ойындағыны жүзеге асырған Елдос Баялышбаевтың жаттығу залында 200-ге жуық адам реабилитациядан өтіп, 40-тан астам адам өз аяғымен жүруді үйренген. Трамплиннен секіру спорт түрі бойынша Қысқы Азиада-2011 ойындарының чемпионы, Қазақстан спорт шебері Евгений Левкин де Елдостың жаттығу залынан ем алған. Жол апатынан кейін жүре алмай қалған спортшы адымдауды қалпына келтірді. 70 шақты адам өзіне-өзі қызмет көрсете алатындай қабілетке ие болды. Шындығында адам баласы түсінер болса, өздігімен киініп, тамақтана алу – үлкен бақыт.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «100 жаңа есім» жобасы жүзеге асырылғандығы баршаңызға мәлім. Осының негізінде Алматы облысы бойынша «100 жаңа есім» жобасына енген Елдос Баялышбаев – мүмкіндігі шектеулі болса да, он екі мүшесі сау адамдар қол жеткізе алмай жүрген жетістіктерді бағындырғандардың бірі. Талабы таудай азаматтың алар асулары мен бағындырар белестері әлі де алда.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…