Басты бет Мәдениет және руханият Ұранды ердің – ұрпағы қайсар

Ұранды ердің – ұрпағы қайсар

0
3,117

Мамыр айы — мерекелі, думанды, тойға толы керемет мезгіл. Бүгін міне, тағы бір айтулы күн аудан орталығында дүбірлі аталып өтті. 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара әдемі әнге лайықталған шағын сахналық қойылыммен басталды. Әскери қызметтегі жігіттердің бауырына деген сағынышын білдірген әнмен ашылған салтанатты жиын азаматтар үшін, солардың құрметіне арналғандығын бірден байқатты. Шараның басталғандығы туралы хабарды жеткізген қыз бен жігіт азат елдің айбынды ұландарын, ерліктің арқауы, елдіктің бастауы болған ел ағаларын, жұрт тыныштығын күзеткен алаш ұлдарын төл мерекелерімен құттықтап, оларға деген ыстық ықыластарын сырлы сөздерімен жеткізді.
Мемлекеттік Гимн орындалған соң аудан әкімі Шухрат Нурахунов өзінің ізгі тілегін жеткізіп, мерекелік алғысын айту үшін сахна төріне көтерілді. Елбасының арнайы қаулысымен бекітіліп, мерекелік күндер қатарынан орын алған Отан қорғаушылар мейрамының мәні мен мазмұнын аша түсетін сөздерін арнап, ел, жер қорғанында жүрген ерлерді, азаматтарды, жалпы аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, бейбіт өмірдің берекелі күндерін тек жақсылықпен қарсы алып, жауапкершіліктің биік шыңын бағындырып, адал еңбекке шақырған жалынды сөздерін жеткізді. Қорғаныс саласында, әскери қызметте, мектепте алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс беретін мұғалімдерге деген ерекше ықыласын білдіріп, алғыс хатымен біраз адамдарды марапаттады. Оның ішінде Ауған соғысының ардагері, Чернобыль оқиғасына қатысушы, шекара күзетінде жүрген азаматтар да бар. Мереке күні марапат алудың өзі бір ғанибет. Біз де аудан басшысының лебізіне қосылып, ер-азаматтар үшін төбеміз көкке жеткендей болды.
Шонжыдағы орта мектептер оқушыларының әскери үлгідегі киімдермен сапқа тұрып көрсеткен өнерлері, шырқаған әндері шын мәнінде ертеңгі ел тізгінін қолдарына алар ұландардың патриоттық сезімдерін асқақтатып, олардың өз Отанына деген сүйіспеншіліктерін жеткізгендей әсер берді. Ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен ержүрек батырлар, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар елімізде аз емес. Олардың ішінде ауданнан шыққан жоғары шенді әскерилерімізбен мақтана аламыз. Еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген азаматтардың аттары аталып, лауазымдары жеткізілгені де жүрекке жылы тиді. Әрине аталмай қалғандарының өзі бір төбе боларлықтай. Офицер болу кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапты істе біздің ауданның жігіттерінің мәртебелері биік. Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Батыс» аумақтық шекара басқармасына басшылық етіп жүрген Тимур Қайырбековті ерекше атауға тұрарлық. Генерал лауазымында отырған азаматымыз. Полковник Иманалиев Ерлан Қазақстан Республикасының Шекара қызметі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің орталық аппаратының басшысы, полковник Усаинов Мурат Шаймарданұлы, Қазақстан Республикасы Шекара қызметі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің орталық аппаратының бөлімше басшысы, подполковник Нурмахамет Мансуров «Шығыс» шекара аумағына қарасты бөлімде басшы, полковник Бахавдинов Пархад Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қызмет атқаруда, полковник Әлдибаев Ержан Болатұлы Қорғаныс министрлігінде бөлім басшысы, полковник Имиров Савирдин ҚР Ішкі Істер Министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары бөлімінің басшысы, полковник Усербаев Амантай Сламжанұлы Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлім департаментінің басшысы, полковник Джаппаров Рустам Ақтау қаласындағы Шекара қызметінің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің әскери бөлімінің командирі т.б. Міне бұлар біздің қорғаушыларымыз. Оларды тану, білу, мақтаныш ету — міндетіміз. Үлгі болар ерлеріміздің Ерлігі мен Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші сарқылмасын делік. 2534 шекаралық әскери бөлімінің «Шекара қырандары» ансамблінің әншілері орындаған «Сарбаздар» әні, «Жазерке» ансамблінің аспаптармен шығарған «Венгр биі» музыкалық композициясы, «Арзу» ансамблінің «Служу, не тужу» әндері тақырып аясын аша түсіп, көрермендер қошеметін арттырды.
Тәуелсіздікті қорғайтын, шекарамызды мызғымастай ұстайтын, халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бүгінгі шара — соның айқын дәлелі.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…