Басты бет Өңір тынысы ҚАРАША ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ

ҚАРАША ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ

0
1,166

Аудан тұрғындарының күрмеуі көп мәселесі мен көкейдегі сауалдарын қанағаттандырып, қарашаның қауқары жетпеген құжаттама қиындықтарының шешілуіне бағыт-бағдар көрсетіп, тиімді әрі дұрыс жолын сілтеп жүрген аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына биыл он жыл толды. Осыған орай аталмыш мекеменің мерейтойына арналған салтанатты шара өтіп, ауданның жақсылары мен жайсаңдары және тұрғындары бас қосты.
Салтанатты шарада ең бірінші халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының ішін аралап, бөлімдердің қызметімен танысқан ауданның атқа мінер азаматтары орталықтың жұмысына оң бағасын берді. Алғаш сөз кезегін алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерін мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін жолдады. Халықтың үмітін өшірмей, жігерін қайрап, заңдылық тұрғысында сауатты болуға бағыттап, құжаттаманың қыр-сыры мен әдіс-тәсілдерін сыпайылықпен айтып отыратын аталмыш орталық қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да аудан тұрғындары үшін қалтқысыз қызмет ететіндеріне сенім білдірді. Мекеменің абыройын арттырар ақ тілектерден кейін аудан басшысы бірнеше қызметкерге алғыс хатын тапсырды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сарапшысы Сымбат Тұғлықова сөз кезегінде жұртшылықтың көңілінен шығып, аудан тұрғындарына абыройлы қызмет көрсетіп жүрген халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне алғысын білдіріп, марапаттарын табыс етті. Сол сияқты халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің халыққа көрсететін негізгі қызметтері жайында қысқаша түсінік берген орталықтың басшысы Бағдат Ауыпбаев, 2008-2013 жылдар аралығында басшылық қызметте болған Есбол Манапов, 2013 жылы бөлім басшысы қызметінде болған Талғат Абдразақовтар әріптестерін мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жолдады. Салтанатты шара барысында аудандық «Жазерке» ансамблінің әншілері мен бишілері жиналған көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, қошеметтеріне бөленді.
Халық пен мемлекеттің арасындағы құқықтық көпірдің тең мүдделі болуы бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр. Сол көпірдің теңдігі мен дәлдігін сағат сайын сараптап, минут сайын маңызды екендігін жақсы түсінетін халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет сапасын әр уақытта бірінші орынға қойып келеді. Ендеше ел үшін ерінбей тер төгіп, күрмеуі көп құжат мәселесін жылдам шешіп отырған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы бұдан да әрі жүйеленіп, жетер жетістіктері мен табар табыстары мол болсын дейміз.

Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…