Басты бет Әлеумет АТЫ ЖОҚ АУЫЛ 2

АТЫ ЖОҚ АУЫЛ 2

0
2,668

Иә, тағы да аты жоқ ауыл. Аты жоқ емес, бар. Сүмбе. Бірақ алыстан ат арылтып келген қонақтардың Сүмбені таппай сабылары анық. Өйткені менмұндалап тұрған ешқандай белгі жоқ. Тек арка дейтіндей де емес бір белгінің «Сүмбесіз» сүмірейіп, құр сүлдері тұр.


Ауылдардағы тазалық жайы мен көрнекіліктердегі тексеруге барған комиссия мүшелері бұл ауылдағы бірқатар кемшіліктерді байқап қайтты. Байқап қана қоймай бастарын шайқап қайтты. Аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов бастаған топ ауылдың кіреберісінен-ақ тау болып үйілген қоқыстарға кездесті. Көктем шығып, жер-ана бусанып, айналаның бәрі әрленіп жатқанда үйілген қоқыс соларға «сән» беріп жатыр. Қыс бойы жиналған мал қиы да әлі күнге тазартыл-маған.
Ауылдың іші түгілі әкімдік ғимаратының айналасы да қоқысқа толған. Шыны шөлмектер, тұрмыстық қалдықтар әр жерде шашылған. Әкімдіктің дәл алдындағы құдықтың (колодец) іші дәл бір қоқыс жәшігі сынды. Ашық тұрған құдыққа алаңсыз тасталған қоқыстан күлімсі иіс те шығады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығында қыруар қаржыға жөнделіп, батыр бабаларымыздың, тылдағы қайсар аналарымыздың атын ұрпақ жадынан өшірмеу үшін жасалған ескерткіш алдындағы орындықтардың қирап жатқаны жаныңа батады екен. Сонда сынғанын түзеп, артығын күзеп қоюға ешкімнің қауқары жетпегені ме?
Ауылдағы «Казпоштаның» да айналасына да әлі күнге тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Жиналған күл-қоқыс жап-жаңа ғимараттың сұрқын қашырып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Ал сол ауылдың бас ғимаратының алдындағы жалаушаларға қарап «әттең-ай» дестік. Онсыз да скотчпен жабыстырылып, темірге құлықсыздықпен іліне салған, ілініп емес-ау қыстыра салған жалаушалар ескіріп те кеткен. Мұндай жауапсыздыққа кім кінәлі?
Тағы бір көшенің бойында қираған көлікпен, темір-терсекпен толған «тұрақ» орналасыпты. Тұрақ жайлы сұрақ та көп. Қаздай тізілген ескі темір-терсектің иесі кім? Неліктен көшенің көркін бұздырып ауылдың атқамінерлері үнсіз отыр? Бұл жауапсыздық па, салғырттық па, әлде дәрменсіздік пе? Сұрақ көп болғанымен бұған жауап берер пендені таппадық.
Шошанайдың да шырайы кіріп тұрғаны шамалы. Айналаның бәрі қоқыс. Төбедей болып үйілген қи. Пакетке салынған қалдықтар… Керектінің бәрін табуға болады. Мұның бәрін сырттан келіп ешкім тастамаса керек. Болмаса оны біреу келіп жинамасы да анық. Ал тазалық, денсаулық басқаға емес, өзімізге қажет.
Біздің түсінігіміз қызық негізі. Әр адам өз үйін барынша таза ұстауға тырысады. Шашылып жатқан бұйымды жинайды, шаң басқан сөрелерді сүртеді, еденді жуады, бұзылған топсаны жөндейді, әйтеуір басы артық нәрсенің жатқанын қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, барынша тазалық сақтайды. Ал сол үйінен аттап басып, көшеге шықса болды – әлгіндей ұқыптылықтан жұрнақ та қалмайтыны неліктен? Өзі тұрып жатқан ауланы, даланы, ауылды дәл солай таза ұстауға не кедергі? Ол да – біздің ортақ үйіміз емес пе?.. Сол ортақ үйімізге сіз бен біз, ауылдың атқамінерлері жаны ашымаса, жер-ананың алғысын емес, қарғысын алып жүрмейміз бе? Табиғи апат, тасқын мен көшкін, бәрі сол адамзаттың арсыздығына берілген жаза емес пе? Бір сәтке осыны ойлансақ, абзал болар еді.


Ауданымыздағы тартымды табиғатымен тәнті етер ауылдардың бірі – Сүмбе мен Шошанай. Жалғыз атын құдайы қонағына сойып берер қазақылықтың исі аңқиды бұл ауылдан. Ауыл халқының бірлігі де бекем. Талай таланттың туған жері. Ақылман қариясы, мерейлі жанұясы бар. Осындай ауыл қай жағынан болса да ілгері болуы керек сияқты. Бірақ… Бірақ жағдай жоғарыдағыдай.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ӨТКЕНГЕ ЕСЕП БЕРІЛІП, ЕРТЕҢГЕ ЖОСПАР ЖАСАЛДЫ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамды…