Басты бет Әр қилы ДОС БОЛАМ ДЕСЕҢ, ДОСЫҢДЫ СЫЙЛА, ҚЫМБАТТЫМ

ДОС БОЛАМ ДЕСЕҢ, ДОСЫҢДЫ СЫЙЛА, ҚЫМБАТТЫМ

0
5,790

Дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін, жанына жақын дос іздейді. Онымен қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда ақылдасып, ой бөлісіп, шешім шығарасың. Басқаға адал дос болу үшін, ең алдымен бойыңнан түсінік, адалдық, тыңдай және ести білу, ақыл бере алу сияқты қасиеттердің табылғандығы абзал.
Бүгінгі таңда қандай да бір ортаға түссең, әлдебіреумен таныссаң онымен дос бола қаласың. Бір-біріңе «досым» деген сөз айтып, өтірік-шынды сырыңмен бөлісе қалатындығың да жасырын емес. Дей тұрғанмен достық ұғымы ең алдымен бір-біріңе деген сенімнен басталатындығын осындай сәтте естен шығарып алғандаймыз. «Достық» туралы философ А.Шопенгауэр өзінің бір еңбегінде «Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу деген сөз. Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды» деген екен. Ал бүгінгі күннің дос болған азаматтары керісінше өзімшілдікке асыра жол беріп, өркөкіректікті өрге қоятын сияқты. Сөз тыңдау мен орынды әңгіме айта білу секілді қасиеттерден жұрдай болып, уәде беріп, орындамай қалуды әдетке айналдырғандаймыз. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Кезеңіне қарай әр достың орыны ерекшеленіп, байқалып та тұрады. Есейген сайын солардың барлығын сараптап, ой түйеді екенсің. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» дегенді кезінде бабаларымыз қандай көрегендікпен айтып кеткен десеңізші. Ол өз заманына, уақытына келтіріп, ерекшеленіп айтылған сөз болса керек. Бүгінгі таңда ақылдылық жан жолдасың іспетті. Ал досыңның көп болғаны ше?
Осыдан біраз уақыт бұрын тай-құлындай тебісіп, жақсылық пен жамандықта бір жүрген, қызық күндерде бір күліп, қиындықтарда бір мұңайған досымыздың жақсылығы болды. Қатарымыз жиналса, қырық шақты азамат болып қалады. Барлығымыздың асып-тасып тұрған дүниеміз де жоқ. Қолдан келер істен еш уақытта аянып қалмайтындығымыз да бар. Жоқтан бар жасап, бір-біріміздің көңілімізді табуға, түйіткілді мәселемізді шешуге тырысатынбыз. Осылайша бір заманның құрдастары жиналып, жақсылығын жаңғыртып, игі істерді атқаруға, ат шаптырмасақ та, есте қаларлықтай іс істеуге ақылдастық. Барлығымыздың ойымыз бір жерден шығып, келістік те. Жақсылығы болып жатқан құрдасымыз сол күнге дейін телефонға қоңырау шалып, мазасыздана берді. Біз уайымдамауын, сабырлылық танытуын айтып, ойымызды барынша жүзеге асыратындығымызға сендірдік. Зулаған уақыт бір орнында бөгелсін бе? Жақсылықтың күні де келіп жетті. Берген уәдемізді орындап, құрдасымыздың көңіл-күйін көтеруге тырыстық. Абыр да сабыр болдық. Күш-қуатымыздың жеткенінше жақсылығын думантатуға тырыстық. Айтқанын орындап, шала қалған істерінің орынын толтырдық. Сенімді де ақтадық. Бізше барлығы ойдағыдай болды…
Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Дегенмен дос-жарандардың мінездері әртүрлі болып келуі мүмкін. Сол сияқты арманын достарының арқасында орындап, тосынсыйға ие болған құрдасымыз жақсылығы біткеннен кейін, түрлі сылтауларын айтып, қатарластарды бір-біріне жамандай бастады. Бірі оның сөзін құптап, басқаларымен араздасса, екіншісі жалған сөз екендігін айтып, барынша ақталып жатты. Осылайша бір үйдің балаларындай сыйласқан құрдастардың ара-жігі ажырап, бір-біріне деген сенімі сөне бастады. Жамандыққа бет бұру қасқағым сәт болса, жақсылыққа жақындау қамал алғанмен тең екендігі белгілі. Талай дүниені бастан өткерген қырық жігіт бүгінгі таңда сан тарапқа өз бетімен кете барды. Достыққа қарама-қарсы ұғым – қастық пен күншілдік екендігін осыдан кейін түсіндік. Басындағы іс шешілгенше дос, шешілгеннен кейін қас екендігін байқа-дық. Достың да досы бар деген ой түйдік…

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…