Басты бет Өңір тынысы КӨРІКСІЗ АУЫЛ АЗАМАТЫНА СЫН

КӨРІКСІЗ АУЫЛ АЗАМАТЫНА СЫН

0
911

Аудан әкімдігінің алқа мәжілісіне әдеттегідей мәслихат депутаттары, аудандық басқарма, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, орта мектеп директорлары, мәдениет үйінің директорлары мен ауылдық клуб меңгерушілері қатысты. Жиын тізгінін өз қолына алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов елді мекендерді көркейту, көгалдандыру мен санитарлық тазалау шараларының 2017 жылғы қорытындылары және 2018 жылдың міндеттері туралы баяндама жасау үшін өзінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетовті мінбеге шақырды.

Аудан елді мекендерін санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі-күзгі екі айлығын өткізу жарияланып, оны ұйымдастыру және орындалуын бақылау жөнінде арнайы штаб құрылып, тиісті жұмыстар атқарылғандығынан сөзін бастап, 380 көшенің 280-і, яғни 74,0 пайызы тазартылып, 13500 үй мен ғимараттың 59,0 пайызы ақталып, сырланып, 11260 метр шарбақтар реттеліп, жөндеуден өткізілгендігін 5 мың 410 тонна күл-қоқыс арнайы орындарға шығарылғандығын айтты. «Таза сенбіліктер» шарасы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан шаруаларды тізбеледі. Барлық ауылдық округтегі әлі де қолға алынбаған, салғырт қаралып жатқан шаруалар мен тазалық жұмыстарының баяулығын сын тезіне алды. Атқарған жұмыстарды саралай келе биылғы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына аса жоғары жауапкершілікпен атсалысуға шақырып, сөзін қорытындылады.
Аудан бойынша көрнекі құралдар, ішкі-сыртқы жарнама мен мемлекеттік мекемелердегі маңдайшалардың орналасу тәртібі бойынша ауылдық округтердегі жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев хабарлама жасады. Зерделеу жұмыстары барысында Сүмбе, Қырғызсай, Үлкен Ақсу, Ават, Тиірмен, Ақтам, Бахар, Тасқарасу, Шарын, Шонжы ауылдық округтеріндегі көрнекіліктерінің Қазақстан Республикасының Заңнамаларына сәйкес жасалып, орнатылуы қадағаланғандығын ескертті. Ауылдық округтердегі көрнекіліктердің жағдайы әлі жақсармаған, «баяғы жартас сол жартас» дегендей, бұрында анықталған кемшіліктер әлі де түзетілмеген. Аталған ауылдық округтерде, білім беру мекемелерінде, мәдениет нысандарында көрнекіліктердегі орфографиялық және стилистикалық қателіктерден көз сүрінетіндігін ашына жеткізді. Ескірген көрнекіліктерді дер кезінде ауыстыруға ауыл әкімдері мен мекеме басшылары әлі де селқостық танытып отырғандығын жасырмады. Сүмбе ауылдық округінде әкімдік ғимаратындағы маңдайша ескірген, Елтаңба ескі үлгіде, жұмыс тәртібі жазылған көрнекіліктің түсі талапқа сай келмейді, жергілікті полиция қызметінің маңдайшасында ресми тілдегі нұсқасы «Уйгурская РОВД» деп қатемен жазылған. Сонымен қатар ауыл әкімі мен мамандарының жұмыс кабинеттеріндегі аты-жөні жазылған және әкімдік ғимараты сыртындағы маңдайшаларда бірізділік жоқ. Көлемі, түсі, шрифтары бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Ал сол жаңа ғимараттағы учаскелік полицияның кабинетінің маңдайшасындағы жазу компьютерде теріліп, іліне салған. Әр ауылдағы осындай келеңсіздіктерді термелеп, нақты деректермен мысалдар келтіріп ауыл көркін кетіріп тұрған көрнекіліктердің жай-күйін баяндаған Дәулетжан Модинұлы ауыл әкімдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарастарының, жауапкершіліктерінің төмендігін айтып салды.
Ават және Тасқарасу ауылдық округтерінің әкімдері Равил Анадуллаев пен Ренат Мерекеевтер айтылған жайтқа өз пікірлерін білдірді. Олардың мәліметінше, барлығы атқарылған, орындалған, тазаланған, түзетілген. Аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы ауыл әкімдерінің өз жұмыстарына жауапсыздықпен қарап, көрнекіліктердің сауатсыздығы, тазалықтың нашарлығы ендігі жерде қолға алынып, түзетілмейтін болса әңгіме ауаны басқаша реңк алатындығын ескертті. Бахар ауылдық округінің әкімі Қадіржан Бағыбаев ескертпелердің барлығын мойындап, жуық арада белгілі шешімін табатындығына сендірсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов та мектептердегі кемшіліктер, келеңсіздіктер мен қателіктердің де аз уақыттың ішінде түзетілетіндігін айтып, жаңа үлгідегі көрнекіліктерге тапсырыс берілгендігін жеткізді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан бұл кемшіліктердің бірталай уақыт созбалаңға салынып келгендігі, ендігі жерде нақты шара қолданатын уақыттың жеткендігін айтты.
Аудан басшысы Шухрат Турдахунұлы Қырғызсай мен Үлкен Ақсу ауылының көшелері малдың қиына көміліп қалғандығын, оны тазалау ауыл азаматтарының қолынан келетін шаруа екендігін айтып, ауылдың тазалығы, көрнекіліктердің сауаттылығы әрбір ауыл азаматына сын болса, әкімдер үшін ұятты нәрсе екендігін тағы бір рет қадап, аз мерзім ішінде айтылған сын-ескертпелерден нәтиже шығаруды талап етті.
Тазалық та, сауаттылық та — әр ауылдың бет бейнесі. Олай болса құрғақ қасықпен ауыз жыртқанша нақты іске көшелік. Ұйымдастыру, тұрғындардың басын біріктіру — әкімдердің міндеті.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…