Басты бет Әр қилы АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ

АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ

0
2,921

Қандай да бір мәдени ортаға бара қалсаңыз көзіңізге ең бірінші қабырғада ілулі тұрған көркем суреттер мен көрнекіліктер түсетіндігі анық. Соған қарап сол ортаның мәдениетін, сауатын білеміз. Бүгінгі таңда көше бойын жағалата орнатқан жарнамалар мен көрнекіліктердің сапасынан қарағанда саны жетерлік. Оларға айрықша мән беріп, жарнама ішіндегі алуан қателіктерге бет бұрып қарап жатқандардың да дені шамалы. Тіпті мемлекеттік мекемелердің өзінде мұндай қателіктер жиі кездесіп жатады.
Осы аптада аудандағы ауылдық округтердің бірқатарына арнайы рейд жұмысын жүргізген едік. Соған қарай кеткен қателіктер мен көркі қашқан көрнекіліктердің, орыс тіліндегі жарнамалардың куәгері болдық. Ават ауылының іргесіне кіргеннен-ақ көңіліміз құлазыды. Ауылдың аты жазылған тақтайшаға қоқыстың ілініп тұрғандығына көзіміз түсті. Ары-бері өтіп жатқан ауыл адамдарының немесе әкімшіліктің әлгі қоқысты көрмегені ма? Мұнан соң бірден ауылдық округ әкімдігіне қарай бет алдық. Мекеменің есігі айқара ашық. Ішіндегі бөлмелердің барлығы жабық болып шықты. Сонан соң айналадағы көрнекіліктерге көз жүгірттік. Қарапайым «Ават ауылында төтенше жағдайлардың дер кезінде алдын алу және қадағалау кестесі» деген бір жапырақ қағазда бірнеше әріп қатесі жазылған. Осы кестеде «ақпан» сөзі «акпанмен» «нұсқаушысы» сөзінің «нұсқаушісі», «қадағалау» сөзі «қадағалу» болып жазылып тұрғандығын байқадық. Ал оның жанында тұрған нақты атауы жоқ «Төтенше жағдайға» арналған тақтайшадағы қағаздарының бұрышы қабатталып, бірінің үстіне бірі ілінген. Олардың ішінде әріп қателері өріп жүр. «Ұ» жазылатын жерде «У», «Ң» жазылатын жерде «Н» жазылып, «қауіпсіздігіңіз» сөзінің «қауіпсіздіздігіңіз» болып дұрыс жазылмағандығы сауатымыздың қаншалықты деңгейде тұрғандығын дәлелдемей ме? Ал рәміздерге арналған көрнекілік мемлекеттік мекемеде бұлай тұрса, басқалары қалай қабылдамақ? Рәміздерге деген сый-құрметті кімнен сұраймыз. Аралары сынық, бүктелген қағаздай бүжірейіп тұр. Ават ауылының орталық көшесіндегі саябақтағы тозығы жеткен көрнекіліктері, дүкендердің жарнамалары көз қуанта қоймайды. Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 21 бабында хабарландырулар мен көрнекі ақпарат құралдары, оның ішінде жарнамалар да мемлекеттік және орыс тілінде жазылатыны, сонымен қатар мем лекеттік тілдегі жарнама және маңдайша, сол немесе жоғары жағына жазылуы тиістігі нақты көрсетілген. Дәл осы талап бұзылып бір тілде ғана яғни, орыс тілінде ілінген көрнекіліктерден көз сүрінеді.
Көркі кеткен көрнекіліктер, қатеге толы жарнамалар мен хабарландырулар жайында ауылдың әкіміне ескерткіміз келген еді. Ең болмағанда бұларға сылтау айтар төрені де таппадық. Есік қағып, орынын сипап, телмірдік те кеттік. Әкімшілікте маман да, күзет те жоқ. Өз ісіне жарымжан қарайтын басшылардың қарекетіне не дерсіз? Айту бізден, түзету сізден…

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…