Басты бет Басты ақпарат Өмірге өкпем жоқ

Өмірге өкпем жоқ

0
1,732

Нағыз дарын, тума талант, ғасырда бір-ақ рет дүниеге келетін жаратылыстары ерекше жандар болады. Олар – Алланың сүйген құлдары немесе Құдайдың жақсы көрген адамдары. Олар несімен ерекше деген сұраққа жауап іздеп көрсек, тал бойы тазалықпен, жан дүниесі рухани байлықпен, санасы сәулелі шуақпен жаратылады екен, Жаратушы ием сондай қасиеттерді үйіп-төгіп, сырт келбеті мен ішкі әлеміне жақсылықтың шапағатын аямай төгетін көрінеді. Олар өте аз, сол аздығымен де құнды, бағалы. Өнерде, кинода, театрда өзіндік ешкімге ұқсамайтын мінезімен, құбылысымен халықты мойындатқан, соңғы жылдары жазушылығымен тәнті етіп жүрген қазақтың біртуар азаматы, КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көптеген жүлделердің иегері, ең бастысы қазақ деген ұлтты әлемге мәшһүр еткен «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімовтің аудан жұртшылығымен қауышуы біздің Қарадала жұртшылығының бағы мен тәлейі десек артық кетпегендігіміз болар. 


Арнайы ат басын бұрып, жеріміздің қасиеті мен киесіне бас иіп, халқына сәлем бергенін ұлылығы демей көріңіз. Шығармашылық кештің алдында өмірі мен өнері жайлы қысқаша фильм ұсынылды көрерменге. Балалық шағынан бастап, жігіттік, студенттік, одан кейінгі шарықтау, аспандау кезеңдері мен тоқырау, қасірет кешкен тұстары түгелдей қамтылған шағын дүние бір тұлғаның басып өткен жолын шынайылығымен, тазалығымен баурап алды. Сәулелі сәттері мен көлеңкелі тұстары түгел қамтылған, отбасылық жағдайы мен тоқыраған кезеңдері баяндалған шығарманың елесінен шыға алмай отырған тұста мэтро микрофонды алып, «Ей, тәккаппар дүние маған да бір қарашы, таныдың ба сен мені, мен қазақтың баласы» деген Қасым Аманжоловтың жыр жолдарын тебірене айтып, халқымен амандық-саулық сұрасқанының өзі жүрек қылын тербеп, жиылғандарды орындарынан қозғалақтатып тастағаны тағы рас. Одан әрі біздің аудан табиғатының таңғажайыбы мен жерінің қасиетін, суының киесін әңгімелеп, бұрын да талай табан тіреген мекені, көптеген фильмдері мен шығармашылығына себепкер болған ерекшелігін суреттеп, рухани азық берерлік тұщымды сөздерін жеткізді. «Аждаһа жылы» фильмі ұйғыр халқының тарихына арналса, «Атаманның ақырындағы» Чадияровтың Жаркент уезінде қызмет еткен Қасымхан Чадышевтің өміріне арналғандығын, өзінің еліне, жұртына адалдығын қызметі арқылы дәлелдеген чекистің өмірі жайлы қысқаша баяндап шықты. Тарихи дүниелерге тереңінен бойлады. Сонан соң өзімен бірге келген достары мен үзеңгілес інілерімен таныстырды. Өнертанушы, театр білгірі, профессор Есмұхан Обаев, шәкірті, талантты әртіс Ерлан Біләл, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Жанарбек Әшімжан, жан жары Бағдат Әшімова, ұл-қыздары Сағина мен Асанәлілер келгендігінен хабардар болдық. Кеш тізгіні Жанарбек Әшімжанға тигенде Асағаның адами қырлары, азаматтық ұстанымдары жайлы толғаныспен жалғасты. Театр, киноның кешегісі мен бүгіні жайлы ағаның пікірін тыңдатты. Досы Стақан Белғожаев Әшімовтың адамдарға, достарына болған адалдығын, қайырымдылығын баяндады.
Аудан әкімі Шухрат Нурахунов жүрекжарды ыстық ықыласын жеткізіп, ағаның иығына шапан жауып, Бағдат апайға орамалын ұсынып, кіші Асанәліге ат мінгізді. Ауданымыздың беделді азаматтарының бірі Ызғарбек Бектұрсынов Асанәлі Әшімовтың туған жері Жайылмада болғандығын есіне түсіріп, бүгінгі кездесу аудан тарихында қалатын ерекше күн екендігін айтып, Асағаға амандық, отбасына бақыт тіледі. Есмұхан Обаев бақ пен байлық адамның тілеуіне қарай берілетіндігіне көзі әбден жеткендігін, Қарадаланың төсінде керемет, ғаламат демалыс орнының болғандығын, оған Асанәлідей азаматпен бірге келіп, аудан халқының пейілі мен құрметіне бірге бөленіп отырғандығын ақжарқын көңілімен шынайы жеткізді. Асағаның адамдығын суреттейтін лайықты теңеу таппай жүргендігін қалжыңға сүйеп айтып, көрерменді күлкіге қарық қылды. Ауданның қонақжай халқына алғысын айтып, отырғандарды әзілімен серпілтіп тастады. Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің қызметкері Худәвәди Мәңсүров Зия Сәмәдий туралы айтқан естелікке өзінің үнін қосып, балалық кезінде атақты жазушының өз аузынан естіген жақсы адамдардың ішіндегі жақсысымен аралас, солардың айтқанымен жүр деген батасын есіне түсіріп, Асанәлі Әшімовке деген жақсы тілегін жеткізді. Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов пен ақын Мамытхан Құдайбергеновтер ағаға арнаған өлеңдерінен жыр-шашу шашып, естеліктерін айтты. Асанәлі Әшімовтың ұлы Асанәлі мен қызы Сағинаның орындауындағы «Әкем, анам» әні кештің шарықтау шыңы болып, көпшіліктің көзіне жас үйіртіп, баланың әкеге деген махаббатын шынайы қалыпта жеткізе алды. Бұл ән дәл осы күнгідей әсерлі болып көрмеген. Халықпен жүздесуге арнайы келген театр, кино жұлдызы уақыттың көбісі кетіп, азы қалғандығына өкінішін білдіріп, қатарлас, құрдастарының да сирегендігін, теңтұстары болмаған жерде өзінің де барғысы келмейтіндігін жасырмады. Өзінің өнерімен халыққа азды-көпті қызмет көрсеткендігін және оның нәтижесіне шүкіршілік етіп, бизнесім-беделім деп, жұртшылықтың ыстық ықыласына алғысын айтты. Халықтың қошеметіне бөленудің қаншалықты бақыт екендігін мойындап, өмірге өкпесі жоқтығын білдіріп, кешін қорытындылады. Асанәлімен өткен кеш аудан үшін – тарих. Ал тарих – шаң басса да, тот баспайтын дәуір. Асанәлісі бар дәуіріміз мәңгі болғай…

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…