Басты бет Рухани жаңғыру ЛАТЫН ӘЛІПБИІ — ҰЛЫ ДАЛА БОЛАШАҒЫНА ҚАДАМ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ — ҰЛЫ ДАЛА БОЛАШАҒЫНА ҚАДАМ

0
1,576

Тіл қай елде, қай ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Халықтың тілі — оның рухани өмірінің өлмейтін түсі, халық санасының көрсеткіші деп білемін. Тілде халық рухының шығармашылық күші бар. «Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», — деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ұлттық тілдің тереңдігінде халықтың бар болмысы, рухани өмірінің тарихы да көрінеді. Ұрпақтар өзгереді, өсіп-өнеді, бірақ олардың шығармашылық жұмысының жемісі ұрпаққа мұра ретінде тіл арқылы қалады.
Бұдан бір ғасыр бұрын тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық бағытты жалғастырушы Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы қазақ жазуы мен әліпбиінің тағдырын шешкен еді.
Ахаң салып берген сара жолды Ел­басымыз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлығымен бастап та жіберді. Әрине, бұл – тарихи күн, тарихи жарлық. Бұдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынов әліп­теген, одан кейін неше дүркін өзгерісті бастан кешкен қиын тағдырлы қазақ әліпбиінің жаңа дәуірі бас­талды, жаңа тынысы ашылды деуге болады.
Латын әліпбиіне көшу — ұлттық мүддемізді қорғаудың басты тетігі. Елбасы бастамасымен көтерілген бұл игілікті істе әлемдік тәжірибелер, ішкі және сыртқы тарихи-саяси жағдайлар ескеріліп, бізді осындай қадамға алып келді және де ұлттық санамызды жаңартып, қоғамға рухани серпін беріп, заман көшіне ілесуге жасалған игі қадам деуге болады. Латын графикасының маңызы, бүгінгі әліпбиімізге қарағандағы тиімділігі мен оңтайлылығы ғалымдар тарапынан толық зерде­­­ленді. Жүргізілген ғылыми зерттеулер мен салыстырулар көп ұта­тынымызды көрсетіп отыр.
Елбасы бастамасын жүзеге асырушы бірден-бір білім мекемелері болғандықтан, Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектепте латын графикасына көшу басталып та кетті. Оның дәлелі 9 «а» сыныбында «Латын әліпбиі әлемге танылудың үлгісі ме?» атты пікірталас өткізіліп, оқушылар латын графикасына көшудің тиімділігі мен тиімсіз тұстарын ортаға салды. Қазіргі жастардың латын әліпбиі туралы пікірлері өте жақсы. Себебі, жастар қазіргі ғаламтор желісінде ақпарат алуда ғылым, білім саласында осы кеңістікке көбірек кіріп, өз мүмкіндіктерін арттыруда.
9 «б» сыныбында өткізілген «Рухани жаңғыру — Жаңа рух, жаңа серпін» атты тәрбиелік іс-шарада оқушылар Елбасы мақаласын негізге ала отырып, бұл бастамаға қосар үлестерін айтқан кезде, латын әліпбиінің тағы бір тиімділігі — тілдік ерекшелігімізді сақтау, ақпарат алу мүмкіндігіміз екеніне тоқталды. Өйткені латын жазуы ағылшын тілі сияқты әлемге кең тараған әліпби екендігіне дау жоқ.
Сонымен қатар, оқушылар жиналыстарында өз есептерін және дүйсенбі күні өткізілетін лездемелердегі кезекшілік қорытындысын латын әліпбиімен жазып, бастамаға өз үлестерін қосуда.
Ата-аналар арасында «Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты латын әліпбиінің тиімді тұстары жайлы ой салдырар коучингтер өткізіліп, әліпбидің болашақ жастарға әлемге ашылар даңғыл жолы екендігі айтылды.
Латын графикасына көшу тиімділігі әрбір қазақстандыққа айдан анық деп ойлаймын. Мысалы, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынаста байланысымыз күшеймек.
Тіл тазалығы мәселесінде тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуіне тиімді жолдар ашылады.

Сондықтан Мәңгілік Ел мұратына ұмтылған Қазақстан халқының латын әліпбиіне көшуі – еліміздің әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылуының кепілі болып саналады. Мен бұл бастамаға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», білек сыбана кірісу әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білемін.

Бибігүл АБДИЛОВА,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Алау» бастауыш партия ұйымының төрайымы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…