Басты бет Басты ақпарат ЖАҢА НҰСҚА ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ

ЖАҢА НҰСҚА ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ

0
1,879

Елбасы тағы да ел тілегін ескерді. Халықтың қалауына қарсылық танытпады. Латын әліпбиіне өзгеріс енгізді. Бұл – үшінші өзгеріс. Өткен жылы Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағаны баршаға аян. Мақалада еліміздің еңселі ертеңі үшін жасалуға тиісті қадамдар атап айтылған болатын. Сол болашаққа бағдар ретінде атап көрсетілген нақты қадамдардың бірі – латын әліпбиіне көшу еді. Жыл соңына дейін әліпби ауыстыру мәселесі жан-жақты талқыланып, талданды. Ғалымдар жұмыс жасап, бірнеше нұсқа ұсынылды. Әуелі қазақ тіліндегі төл дыбыстар диграф, яғни әріптердің қосарлануы арқылы жазылатын болды.

Бұл Елбасы-ның өз ұсынысымен халық арасында талқылауға түсті. Әрине, әуелгі нұсқада кем-кетік көп еді. Сондықтан халық оны демократиялық үрдіспен талдады. Жұрт жаппай «сәбіз» деген сынды сөздердің жазылуын келемеждеп, күлкіге айналдырды. «Асханамыз» (ashana) «ашана» бола ма деп байбалам салдық. Сөйтіп жан-жақтан сыни пікірлер айтылып, бұл нұсқа кері қайтты. Мұнан соң Парламент отырысында жаңа нұсқа, яғни төл дыбыстардың дәйекше арқылы жазылуы Елбасына ұсынылды. Осылайша апострофты әліпби пайда болды. Осыдан соң 2017 жылдың 26 қазанында Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлығы шықты. Бірақ сол уақыттан бері ноқат арқылы жазылатын әліпби де сынға алынды. Онда әріптердің жанынан дәйекше қаптап кеткенін көрген көпшілік «биттеген» әліпби деп тағы жақтырмады. Тіпті бір сөзде 6-7 үтір келіп, елді састырды. Сонымен қатар апострофқа байланысты көптеген проблемалар туындады. Техникалық мәселелер болды. Халықаралық банк жүйесінде ол қабылданбай қалуы, компьютерлерде танылуы кезінде аралары бөлініп, қиыншылық тудыруы мүмкін екендігі көлденең тартылды. Енді күні кеше жаңа үшінші нұсқа жарыққа шықты. Сол нұсқада ғалымдар акутпен жазуды ұсынды. Алдағы уақытта үтір үстіге шығарылды. Бұл оқуға да, жазуға да ыңғайлы десуде ғалымдар.
Осыдан соң Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Ендігі кезекте ел арасында сан-саққа жүгіртілген диграф пен дәйекше қажетсіз болып қалды. Жаңа алфавитте 6 әріптің төбесіне үтір, яғни акут қойылған және бірнеше әріп біріккен. Бұдан былай «Ә» — «Á», «Ө» — «Ó», «Ғ» — «Ǵ», «Ұ» — «Ú», «Ү» — «Ÿ», «ң» — «Ń» болып жазылса, «Ш» — «SH», «Ч» — «CH» ретінде таңбаланады. Нүктесіз I – И, Й, Х мен Һ рөлін жалғыз Н атқарады. Жаңа алфавитте де 32 әріп бар. Ал Ь, Ъ, Э, Ю,Я,
Щ, Ё, Ц әріптері мүлдем жоқ.
Әрине, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам деуге де болады. Әліпби ауыстыру «келісіліп пішілген тон». Осы уақытқа дейін ел ішінде қызу талданған, әлеумет болып әріп әлпетін әрлеуге кіріскен, жұрт болып жұмылып жайлы әліпби жасауға жұмыс жасалған. Ақыры әріптеріміздің әлпеті түзелгендей. Бірақ әлі де көңілге қонымсыз тұстары бар секілді. Мәселен, И,й әріптерінің бас әрпі мен қазақша і әрпінің бас әріптері бір таңбамен (І) белгіленуі. Ендігіде Igi-іміз «Игі» ме, «Ігі» ме? Бұл да ойланарлық жайт.
Бастысы әліпбиіміз туралы Елбасының Жарлығы шықты. Енді Президенттің жарлығына сай, келесі жылдан бастап мектептер пилоттық жоба ретінде осы алфавитке көшеді. Ал 2025 жылға дейін еліміз латынға толықтай көшіп бітуі тиіс. Мемлекетіміздің тұтастығы, тіліміздің тазалығы, руханиятымыздың болашағы, түркітілдес халықтардың бірлігі үшін маңызды бұл қадамды ел болып қолдасақ қана еселі жұмыс жасалмақ. Ендеше әліпбиіміз алты Алаштың рухын аспандатуға қызмет етеріне бек сенейік.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарадалаға …