Басты бет Басты ақпарат СҮМБЕГЕ АУЫЗСУ КЕРЕК

СҮМБЕГЕ АУЫЗСУ КЕРЕК

0
1,095

Сүмбе ауылдық округінде ауданның және ауылдың 2017 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының қорытындылары мен 2018 жылға арналған орта мерзімді жоспарлары туралы аудан, ауыл әкімдерінің есепті жиыны өтті. Жиынға аудандағы бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында алғаш сөз кезегін алған Сүмде ауылдық округінің әкімі Бақытжан Митанов ең алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде құрылған бағдарламаларға тоқталып, биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда алға қойылған мақсат-міндеттеріміздің айқын екендігін ауыл тұрғындарына жеткізді. Сонан соң өткен жылы ел мен жер үшін атқарған шаруаларын жіпке тізіп, ауыл халқының ең басты кәсібі мал шаруашылығы екендігін айтып, «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» сияқты бағдарламалардың орындалуын пайыздық мөлшермен атады. Ауылда мәдениет, спорт, білім, кәсіпкерлік және әлеуметтік салаларын дамытуда атқарылған істерді де баяндады. Шешілмей тұрған мәселелердің түйінін тарқату жолында аянбай тер төгетіндігіне сендірді. Өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2018 жылға арналған жоспарлы жұмыстар жайында баяндама жасаған аудан әкімі Шухрат Нурахунов Сүмбе ауылдық округінде ауылшаруашылық техникаларының алынбағандығын, егін шаруашылығы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай өнімнің жоқтығын айтып, аудандағы кеткен кемшіліктерге де тоқталды. Бақ өсіру, жылыжай жұмысы, кәсіпкерлік, инвестиция тарту сияқты мәселелермен қоса туризмді дамыту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, денсаулық пен білім саласының сапасын арттыру жолында атқарылуға тиіс жұмыстарды ауыл тұрғындарына жеткізді. Әкімдердің есебінен кейін ауыл халқы жазбаша сұрақтарын жолдады. Атап айтқанда, Бірлік Сүмбе мен Жаңасай ауылдарының көшелерін түңгі жарықпен қамтамасыз ету, Сүмбе ауылына ауыз су тарту сияқты сұрақтарға аудан әкімі жауап беріп, жұмыстардың біртіндеп шешілетіндігіне сендірді. Ал «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов ағымдағы жөндеу жұмыстары мен мекемелердің баспасөзге жазылуы жөнінде сауалын жолдаса, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мерейімов көмірдің бағасының шарықтап, тұрақтамағандығын, ауыл мен аудан орталығына адам тасымалдайтын такси жүргізушілердің бағаны көтеріп алғандығын ортаға салды. Ауыл тұрғыны Максим Исағожаев мектепті күрделі жөндеуден өткізу жыл сайын жырға айналғандығына ренішін білдіріп, Жаңасай ауылының жолдары мен көпіріне көңіл бөлуді сұрады. Оның айтуынша, көмір таситын жүк көліктері көпірден өте алмай, ауыл тұрғындары қатты отынға зар болып отырған көрінеді. Ауыл ақсақалы Мүтәліп Өскенбаев өткен жылы егістікке канал тартылып, судың жерге сіңіп кетуіне байланысты қапталатындығына сендірген ауданның атпал азаматтарының уәдесінің орындалмай қалғандығын айтып, әкімдердің есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді. Шошанай ауылының тұрғыны Арай Өтеуілов ауылдағы фельдшерлік орталықтың мәз емес екендігін ескертіп, егістікке канал тартылса деген сауалын жолдады. Аталған сұрақтарға аудан және ауыл әкімдері тұщымды жауап беріп, мәселенің бар түйіні бірден тарқатылып кетпесе де біртіндеп шешілетіндігіне сендірді. Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов сөз кезегінде мемлекеттің халыққа жасап жатқан жақсылықтарының аз емес екендігін айтып, бір адамның қолынан барлық істі тындыру келмейтіндігін алға тартып, тұрғындарды бірігуге, кооператив құруға шақырды. Жыл сайын қайталанатын кемшіліктердің орынын бірлікпен толтыру керектігін де ескертті. Жиында жолданған сауалдар мен пікірлер назарға алынып, қаулысы шығарылды.

Думан
САРТБАЕВ

й

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарадалаға …