Басты бет Рухани жаңғыру ТУҒАН ЖЕРДЕГІ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ

ТУҒАН ЖЕРДЕГІ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ

0
1,615

«Сөз құдіреті – қазақтың өз құдіреті. Қытай бүкіл байлығын қамалына жинаса, Еуропа бүкіл байлығын сандығына жинаса, қазақ бүкіл байлығын сөзіне жинаған екен. Сол сөзіндегі, тіліндегі байлықпен осыншама далада еркін өсіп, ер болған ата-бабаларымыз. Сол ерлікті, өрлікті, өр рухты аман алып келе жатқан, аманатты арқалап келе жатқан ол – өнер адамдары». Шынайылықты шырақ еткен, ақындықты пырақ еткен, «Өзі өлеңіне, өлеңі өзіне айналып кеткен»,  қара сөздің қаймағын қалқып алған, драматургияда дара шапқан, ауданымыздың құрметті азаматы, жуырдағы еліміздің және алыс-жақын шетелдердің қалам ұстаған әрбір азаматын бей-жай қалдырмаған І «Рух» халықаралық әдеби байқауында оза шауып, гран при иегері атанған Бақыт Беделханның дәл осы сөзі қаймана қазақтың рухын асқақтатып-ақ жіберді. Аудандық мәдениет үйінің киелі сахнасына  киелі сөздің киесі ақтарылып, өнерсүйер, қара сөздің құдіретін ұғынған ағайынға баға жетпес кеш болды. 

Шығыстың ұлы шайыры «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді» деген екен. Иә, қазақ тарихында да хандар мен қол бастаушы көсемдердің жанында елдің жоғын жоқтаған жыраулар, сөз зергерлері бірге жүрген. Абылайдың ақ туының астында жүріп Бұхар жырау да өзінің саяси-әлеуметтік, мәнді жыр-толғауларымен сол кездегі жалынды күрестің жыршысына айналды. «Хан емессің қасқырсың, қара албасты басқырсың» деп ер Махамбет те Жәңгірге шындықты шымбайына батыра айтқан. Міне, сол бабалар ұрпағы болған біз де сөз құдіретін жоғары бағалап, ақынымыз бен өнер өкілдерін қашанда төрге оздыруға тырысып келеміз. Елбасы өзінің өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» десе, күні кеше ғана халыққа жол тартқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп нақты атап көрсетті. Осы мақсатта аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың бастамасымен ауданымыздың тумалары, ауданға емес, алты Алашқа аты мәшһүр Шошанай ауылында дүниеге келіп, даланың исі аңқыған дала қарттарының даналығына сусап өскен, «Дарында» дараланған, драма театрда дардай аты бар, елге еленген, Үкілі Ыбырайдың рөлін сомдап, Шәмші боп шырқаған, Ақылбай қарт боп ақылын айтқан, ұлына нақылын айтқан «Астана» медалін, «Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденін, ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл медалін кеудесіне қадаған Бекжан Асаубайұлы Тұрыс, жастардың арасында «Маралтай – аңыз болсын, Әмірхан – абыз болсын, жырды сезімнің қылын шертіп, Жарас жазсын» деген әдемі теңеуге тиек болған, Сүмбедей сұлу мекеннен қанат қаққан, шығармашылықтың шыңына шығып, түйдек-түйдек жыр жолдарын тудырған ақын Жарас Сәрсек, қара өлеңнен қамал соғып, сөз құдіретін ұғынып, сөзден сұлу мүсін соққан Бақыт Беделхан ағаларымыз Туған жерге келіп, тағзым жасап қайтты. Елмен, жұртпен кездесіп, тағылымды сөз айтып, тамыры терең өнермен сусындатып, ақсақалдардың батасын алып қайтты.
«Туған жерден түлеп ұшқан таланттар» деп аталған кештің шымылдығын аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы құттықтау сөзбен ашып, ақындық пен өнер жолы ауыр жол екенін, «Ақын болу дегеніңіз – азап» деген қағиданы айта келе, сол азапты бақытқа айналдыра білген арда азаматтарымыздың мерейімізді асырып ортамызға келуі біз үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді. Жүрегінде рух жыры қалқыған, өнердің өз өкілі болған жерлестеріміздің қадамдарына гүл бітсін дей келе, Рухани кештен аудан тұрғындарының жандарына жылу алып, құндылықтарымыздың құнын ұғынып қайтатындарына сенім білдірді. Аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжан да елдің алғысын айтты, ақжарма тілегін жеткізді.
Әуелі ақын ағаларымыздың өлеңдерін мектеп оқушылары мәнеріне келтіріп, жүректерге жеткізіп, бар ынта-жігерлерімен оқыды. Әншілер ағаларына ән арнаса, «Арзу» бишілері бимен шашу шашты. Ал микрофон тұтқасы қонақтарға берілген сәтте залдағы көрермен сілтідей тынып, өнер адамдарының аузын бақты, өрелі сөз, өсиетті ақыл тыңдауға үміттенді.
«Өлең. Өлең, жарығым-ау, жарығым,
Аспан сынды ашығым да жабығым.
Сілкілейсің тірі ақынның жүрегін,
Сипалайсың өлі ақынның қабірін.
Өлең. Өлең, Атың қандай назды еді!
Өн бойыңнан білінеді жаз демі.
Бір сен үшін мұңданғандар аз ба еді,
Бір сен үшін жынданғандар аз ба еді!?» – деп Әбубәкір Қайранның өлеңімен сөз бастаған Бақыт Беделхан елге еленген әр ердің атынан ондаған өнер қырандары еріп келер еді, дегенмен өз еліне өз ұлдары сағынышын басуға келгенін жеткізді. Туған ұлдары туған жерге тағзым жасаса, одан артық тағылым жоқ шығар, сірә? Сондықтан рухани сұхбаттасуға, еркін әңгіме түйінін тарқатып, жыр оқып, сағынысып көріскен елмен сырласуға келгендерін айтты. Алғашқы болып сөз алған Жарас Сәрсек, елге, жерге, тауы мен тасына, қарты мен жасына деген сағыныш самалын жырмен серіпті. Елдің еңсесін қара өлеңнің құдіретімен көтеріп тастады. Жан жүрегін жарып, жалындай жарқыраған жырлар қам көңілдерге медеу, әрбір жанға демеу болардай. Өлеңді «Алғаш ақ бесікке бөлеген, Ақын-Анадан бақытты жанның жоқтығына» осы сәт тағы да куә болдық. Ақынның әр өлеңі жүректен жүрекке жетіп жатқаны анық дәлел бола алды.
Бүгінде ұлттың кеудесін жаншып, өзегін жегіқұрттай кеміріп, ессіздей еліріп бара жатқан келеңсіздіктер қоғамда жетіп артылады.
«Ұлым, саған айтамын,
Сенен басқа кімге айтамын?..
Көкейімде тұншыққан мұңды айтамын,
Жұдырықтай жүректі жұлқып алып,
Алқымыма тығылған сырды айтамын.
Жұрт болуды ұмытқан қызды айтамын,
Ұлт болуды ұмытқан ұлды айтамын.
Салт-сананың сары алтын сандығысың,
Саған айтпай, ұлым-ау, кімге айтамын?!» Сананы селт еткізеп, жүректерге қанжар болып қадалардай бұл сөздер дәл осы күні сахнада айтылды. Осыған дейін қазақ қоғамындағы қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосқан «Ұлым саған айтам…» моноспектаклі көрерменнің көңілінен шыққан. Көңілден шықты деу жәй сөз ғой, жүректерді қан жылатқан. Көздерден жас боп аққан.
Жерлесіміз ақын Ба­қыт Беделханның қаламынан туын­да­ған шығарманы талантты режиссер Асхат Маемиров те жаңаша ізденіспен қолға алған. Ал оны әкелі-балалы Бекжан мен Мағжанның сахналауы тіптен таңдандырған болатын. Шебер сөздің шекпенін жамылған ақынның туындысын, өнердің майталмандары көрерменге майын тамыза, елдің жасын ағыза жеткізген болатын. Қазақтың қамын, ұлттың арын ойлаған, салт-сананы сақтағысы, ұрпағына аманаттағысы келген әкенің арманын астаң-кестең еткен баланың шалалығы кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Данышпансып, заманына қарай икемделу керек екенін әкеге әсірелеп жеткізеді. Ұрпағының қылығына күйінген, жаны шыға ашынған әкенің жанайқайы – бүгінгі қоғамның нағыз бейнесі. Осындай шиеленіске толы шығарма соңы мейіріммен, әке мен баланың бір-бірін түсінуімен тамамдалады. Иә, бар сырды ішніне бұғып алып, ылаңдарды тығып алған қоғамның бейнесін аша алған әке Бекжан мен бала Мағжанның бұл қойылымы аудан жұртшылығына кішкене ғана үзіндімен берілді. Десе де сол бірер минуттың өзі өзекті өртеді. Өзекті де, өткір мәселені қозғай отырып, жан дүние­мізді аласапыран күйге түсірді. Сезім мен ой, күрсініп аһ ұру мен қуану қатар айқас­ты. Иә, біз бүгінде ма­териалдық құндылықтарды ғана күйттеп жүргенде, рухани құнды­лық­тардан айыры­лып қалған екенбіз. Біз осыны анық аңғардық. Сілтідей тынған залда күрсініс те, көзіне жас алған тебіреністер де байқалып қалды. Замана зарын дәл жеткізген шығарма елге келіп, толықтай қойылса, шіркін деген тілектер де естіліп жатты әр тұстан. Осылайша ұлы арқылы ұлтына наз айтқан әке Бекжан хас өнердің хас шебері екенін дүйім жұртқа осылай тағы бір мәрте дәлелдеген еді.
«Қазақ болмай жатып талай зобалаң көріп, талай дүниеден тарығып та, торығып та өскенбіз. Бірақ берілмей, іштей рухани медет іздеп өскен ұрпақты да көргенбіз. Ақылымыз жетсе, амалымыз жетпей, амалымыз жетсе, ақылымыз жетпей, айнала толы азулы дұшпандармен алысып, талай бәйтеректің мәуесін күйдіріп, талай жолда тірідей үйітілгенбіз. Аллаға шүкір, азаттық атты ғажап күнге жеттік» деген Бекжан Тұрыс елінің амандығын, ұрпағының адалдығын тіледі. Қара домбырамен күмбірлете мәнді де мазмұнды ән орындады. Ұлы Мағжан да бүгінде өнер ордасында білім алуда. Әке жолын қуып, өнердің өз өкілі болуды мақсат еткен.
Ал Бақыт ағамыздың жан жары, М.Әуезов атындағы драма театрдың актрисасы Айзада Сатыбалдиева да елге есендік тілеп, жанды дауыста әуезді ән арналды. Шошанайлық Сағыныш Сенбі халыққа жылы көңіл күй сыйлау мақсатында Б.Беделханның сөзіне жазылған әсем әнді тарту етті.
Өлең дегенде өре түрегеліп, арқасы қозатын ақын емес пе, Жарас ағамыз бен Бақыт ағамыз да қара домбыраны күмбірлетті. Ақтарыла жыр оқып, сусап қалған ағайынның айызын қандырды. Рухани кештің шымылдығы осылайша рухты сөз құдіретімен жабылды.

Алты алашқа төр болған Астанамыз болса, ел үшін туған ер болған жерлестеріміздің бұл кездесуіне жиналған халықта да есеп болмады.  Мәдениет үйінің ішіне қарақұрым ел сыймай, тік тұрып, туған жерден түлеген таланттардың өнерін тамашалады. Үш сағаттан астам уақытқа созылған рухани кеште рухтанбай, жігерленбей, көзіне жаспен қатар күлкі үйірілмей, қара сөздің құдіретін сезінбей, ет-жүрегі езілмей шыққан ел болмады. 

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…