Басты бет Басты ақпарат АЙШЫҚТЫ ОЙ, МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

АЙШЫҚТЫ ОЙ, МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

0
1,255

Аудан әкімдігінде аудандық мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңес төрағаларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Аңсар Мұсахановпен және Нұрлан Қылышбаевпен кездесу өтті. Жиынның тізгінін ұстаған аудан әкімі Шухрат Нурахунов қонақтармен таныстырып, алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсахановқа берді.

Халық қалаулысы сөз басын ауданның тыныс-тіршілігі жайында бастап, ауылшаруашылығын дамытуда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып, өңірдің алдағы уақытта да көркейе түсетіндігіне сенім білдірді. Сонан соң өткен жылы республикада елеулі оқиғалардың орын алғандығын алға тартып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ел үшін абыройлы болғандығын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығын айтты. Ондағы алға қойылған мақсат-міндеттердің жүйелі түрде орындалып, белгілі бір жетістікке жету жолында әрмен қарай жалғасын табатындығын ескертті. «Мемлекет бізге не береді деп емес, біз мемлекетке не береміз?» дегенді санаға сіңіру керектігін айтқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсаханов ұлттық кодты, бірегейлікті сақтау жолында бір жылда атқарылған істерге тоқталды. Оның ішінде Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың болғандығын, өткен жылғы 1 қаңтар мен 28 желтоқсан аралығында 94 заңның қабылданғандығынан хабар берді. Сондай-ақ тұрақты экономикалық өсуге, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, халықтың өмір сапасын жақсартуға қол жеткізу үшін цифрлық экожүйені жеделдете дамытуда Елбасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы дамыған елдердің қатарына енуге бағытталғандығын ескертіп өтті. Жалпы елімізде тіршілік жасаймын дегенге тұсаудың жоқтығын алға тартқан халық қалаулысы елді қоян-қолтық жұмыс жасауға шақыру керек екендігін ескертті. Елбасының 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының халыққа жол тартып, бұл ретте де он бағыттың айқындалғанын айтты. Халық қалаулысының сөзінен кейін облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында су қоймасының жұмысы бірнеше жыл бұрын қолға алынып, аяқсыз қалғандығын ескертіп, мемлекет тарапынан шешілетін мәселе болғандықтан, жоғарыда талқыға түссе деген ойын білдірді. Сонымен қатар ауданымыз шекаралы аймақта орналасқандықтан әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеу, құс фабрикасының жұмысын жүргізіп, халықты жұмыспен қамту сияқты мәселелерді ортаға салды. Бұған халық қалаулысы арнайы құжаттардың дайындалып, республикаға жолдануын сұрады. Ал аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мерейімов аудандағы халықтың ең басты тіршілігі ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығының маңыздылығын атап, орман шаруашылығына енгізілген өзгерістерге байланысты жайлау, қыстау, көктеу мәселесінің қиындық тудырып, малшылардың абдырап жатқандығын жіпке тізді. Бұл турасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсаханов жер туралы заң шыққанда үлкен проблемалардың орын алғандығын алға тартып, қосалқы шаруашылық туралы заңның әзірленбей қалғандығын, елді мекенде мал ұстау тәртібінің енгізілуі керектігін айтып, өзен, көлге жақын аумаққа қора-жай салуға тыйым салынғанын, орман шаруашылығына қарасты аймақта шөп шабуға, балық, ара бағуға шектеудің жоқ екендігін ескертті. Ал қалған мәселенің шешімін аудандық мәслихат арқылы табуға болатындығына көз жеткізді. Аудандық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков Шонжы ауылында «Локатр станциясының» орналасқандығын, ауыл үлкейген сайын оның орталықта қалып, тұрғындарға зиянын тигізіп жатқандығын ескертіп, шет жаққа орналастыру жолын қарастыруға жағдай жасауды сұраса, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Муслим Амангелді ауылшаруашылығына қатысты тері, жүн өңдеу мәселесіндегі негізгі проблемаларға тоқталды. «Балапан» бағдарламасы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңес мүшесі Жамал Оқаева мен аудандық мәслихат депутаты Ноғайбек Дәуренбеков бөбек тобын ашуда қиындықтардың туындап отырғандығын назарға салды. Сол сияқты білім саласындағы өзгерістер жайында сауалын жолдаған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Кәрібай Қожағұл бес күндік оқудың кемшіл тұстарын қайта қарастыруды сұрады. Сонымен қатар жиын барысында техникалық қызметкерлер мен көлік жүргізушілердің жалақысын көтеру мәселесі де қаралды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Шухрат Нурахунов шешілмей жатқан мәселелерді жоққа шығара алмайтындығын айтып, барлығы бірден болмаса да, біртіндеп шешілетіндігіне сендірді. ҚР Парламеті Сенатының депутаттары мен ауданның атпал азаматтары кездесуден соң аудандық 2534 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы жалпы жағдайды бақылап қайтты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…