Басты бет Әр қилы ҚЫЗЫЛ ҚОЗЫ

ҚЫЗЫЛ ҚОЗЫ

0
81

…Күн көзі жылып, көк жетіліп бітті, шәкірт атаулының аңсайтыны бостандық. Аз күн болса да, алаңсыз ойнап, еркін бой жазар шақты тағатсыздана күтеді де, қалай оқу бітті, ұядан ұшқан балапандай болып, алды-алдына тарап кетеді. Бүкіл ғұмырын мектеп аясында өткізіп жатқан ұстаз атаулының да тынысын кеңінен алып, өрісі ұзарар шағы да осы кез. 

Бәзбір жылдары жазғы демалыс күндері үй ішінің отын-суы дегендей тым қажеттілерін түгендеп болған соң, көбіне үй сағалап, ас ішіп, аяқ босатудан аса алмаушы едік. Ендігі заманның репеті бөлек. Тірлік етпесең болмайды. Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілінеді. Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды. Сонымен жаз бойы ақ «Москвичке» анау-мынауды тиеп алып, сауда жасаймыз.
«Заманына қарай адамы» деген сол. Күн қабағына қарап күй кешеміз.
Біз келіп тоқтаған киіздері жартылай жаңа, жартылай жамау қоңыр үй Жаңабай деген жігіттің үйі болып шықты. Бойшаң келген, мығым денелі, бетінде аздаған ұшпа сепкілі бар, ойлы пішінді, салмақты сары жігіт екен. Екі жүз қаралы қой сиятын қораның науасын тазалап, тұз салып жатыпты.
Бізді қуана қарсы алды. Халімізді сұрап, елдің есендігін біліп, жік-жапар болып жатыр. Жасы мектеп жасына еркін жете қоймаған екі ұлы да қатар келіп, қаздай тізіліп, сәлемдесу рәсімін жасады. Қасымдағы қаладан демалуға келген әйелімнің немере ағасы – Жүсіп деген жігіт еді. Үйде істей қояр шаруасы болмаған соң, жер көрсін деп, әдейі ертіп алғам.
Үйге кірдік. Басы жалаңбас, шашы бұйраланған, өткір қара көзді, ақ құба өңді жас келіншек алтын тістерін көрсетіп, ақсия күліп, сонысымен ізет көрсеткендей болды да, шай қамына кірісті.
Сәлден соң дастарқан жасалып, шай келді. Ауылда жүргенде қолың бірде жетіп, енді бірде жете бермейтін сүт тағамдары молынан шашылып жатты.
– Жол соғып, шаршап қалған боларсыздар, шай алыңыздар, – деп ақ құба келіншек қиыла қарап, сөз бастады.
– Келгендеріңіз қандай жақсы болған. Нақ сіздердің келгендеріңізді күтіп отырғандай күн де ашылып кетті. Оның үстіне келушілар аз болғаннан кейін адам жалғызсырайды екен… Қонақ болып кетіңіздер.
– Сөйтіңіздер, – деп оның сөзін Жаңабай қоштай түсті. – Сол дұрыс. Былтырғыға қарағанда биыл малшы қарасы көбірек. Шайға қанып алған соң, машинамен бір айналап шықсаңыздар, әкелген заттарыңыз өтіп те кетер…
Шай ішіліп бітті. Тысқа шықтық. Шіркін, малшы үйінің берекеті-ай десеңші, таңдайымыз қаймақ татып, маңдайымыз жіпсіп, жырғап қалдық.
Өзеннің бергі жақ қапталына, сәл қыратқа қоныс тепкен малшы үйінен өзгеше бір жинақылық, ұқыптылық табы байқалады. Есік алдына таяу өскен сары ағашқа жапсарластыра бес-алты бұзау сиятындай шағын шарбақ жасалыпты. Оның арғы жақ бүйірінен он шақты тауыққа арналған кішкентай күркеше орын теуіпті. Айдары күн нұрына шағылысып, жалт-жұлт еткен қызыл қоразды айналақтап, он шақты тауық жем теріп жүр. Әудем жерде, белуардан келетін көк шалғынды жүзіп жүрген қоралы қой, өзен бойында әнтек мөңіреген жас бұзаулаған тұмса сиыр үні бір қалыпты, сергек, серпінді тірлік нышанын танытқандай еді.
Серігіміз екеуміз әкелген заттарымызды өткізбек болып, жолға шықтық. Күн батып бара жатқан шақ еді. Шақырайған шілде күнінің саялы, жайлы кеші қанат жайып келе жатты. Кешкі дүниенің тынысын ашқандай болып, ойнақы, жұмсақ леп баяу ғана лекітіп, нәзік толқиды. Үй маңы қыбырлаған малға толып, қызуы мол жайлау тірлігінің жанды күйін танытады. Алыстан, әне бір жасыл белестің арғы жағынан әупілдеп үрген ит дауысы естіледі. Өзен бойында, андыздап жайылып жүрген сиыр ішінде өкпесі солықтап, дүниені басына көтеріп, ышқына мөңіреген қара бұқа дауысында қандай да бір жалғыздық, сағымды сағыныш лебі бар. Мана біз көрген өткір қара көзді, жас келіншек – Қапаш болса, қонаққа сойылған тоқтының басын үйтіп, кешкі ас қамында жүр.
Біз үйдің желке тұсындағы тақиядай төңкерілген жасыл дөңнің үстіне көтерілдік. Жаңабай кісіге жақын, бауырмал, сөзуар жігіт екен. Танысқанымыз әлгінде ғана боса да, көне таныстарын көргендей болып, көсіле сөйлеп отыр.
– Қалай, саудаларың жүрді ме? – деп бізді бір шекіп қойды.
– Шүкір, – дедім мен күле тіл қатып. – Сауда да мына Шалкөденің жауыны секілді. Бірде болады, бірде тұралап, тұрып қалады.
– Менікі өзгеше қызық тірлік, – деп Жаңабай әңгімені әріден тартқандай болып, толқи сөйледі, – Зады «Еңбек етсең – емерсің» деген сөз тегі рас. Менің көзім соған анық жетті.
Ол енді тізерлеп, шөкелеп отырғанды қойып, малдас құрып, әңгімеге тіптен пейілдене кірісті.
– «Әкеден алтау тусаң да, бір жалғыздық бар» деген сөзде үлкен, ұялы шындық бар, – деп біздің жаңа танысымыз әңгімесін соза түсті. – Ол сөздің де ар жақ, бер жағын шиырлап, қидалап шықтым. Хош, сонымен, қызыл үкімет тарап, балапан басына, тұрымтай тұсына заман туды.
Тәуелсіздік таңы атты. Жаңа өкіметіміздің алғашқы қадамы жаман болмады. А дегеннен елге бересесін молынан беріп жатты. Ақшалай да, заттай да берді. Өзін өлтірмейтіннің кебін танытты. Қолымызға көп жылғы еңбегіміз үшін 40-50 ұсақ мал, 2-3 сиыр, 2-3 жылқы тиді. Қажетіңе жарата бер деп жерді де берді. Техниканы да үлестірді. Қойшы, әйтеуір, беруге тиесілінің бәрін берді. Алуын алдық-ау, бірақ көп тұста ұқсата алмадық. Дүниеде сол барды ұқсата алмаған жаман. Сол қисынсыздықтың салдарынан айналдырған екі-үш жылдың ішінде көп адамдар қолдағы бар малынан айырылып тынды. Сатты, айырбастады, жоғалтты. Екшей айтқанда көп ел барынан жұрдай болды. Мал қалмады, ақша жоқ. Ала қоятын жер, жанашыр ағайын және жоқ. Басқаны қайдам, біз осындай күйге түстік. Әйелім бұрын балабақшада тәрбиеші еді. Балабақша жабылған соң, қаңырығы түтеп, ол да жұмыссыз қалды. Шиеттей жас бала бар. Енді не істеу керек? Ағайыннан қайыр болмады. Енді не етпек керек деген ой жанымды қоярға жер тапқызбады. Нарық заманы болса, күн санап қыса түскендей еді.
Бірде жолым түсіп, жоғалған жалғыз сиырды іздей жүріп, Дуанбай дегеннің үйіне бардым. Оған да төрт-бес жылдың жүзі өтті. Мезгіл наурыздың басы еді. Мал төлдеп жатқан кез. Дуанбай үлкен өмір өткелінен өткен адам екен. Армия қатарында қызмет етіпті. Комсомол, партияда да болыпты. Алған орден, медальдары да баршылық. Соған қарағанда жаман болмағаны ғой… Бәрінен бұрын кісілік келбеті келісті жан екен. Дәукең менің діттеген жерімнен табылды. Үйі онша алыс емес, әне, анау жалдың ар жағында, – деп күнбатыс жақтағы қалың арша көмкерген, қарауытқан қапталды нұсқады.
Біз де кезінде ол үйге барғанымызды айттық. Жаңабай сөзін жалғай түсті.
– Дәукең, – деді жөткірініп қойып, – сол күні мені үйіне қадірлі қонақ етті. Көп сырластық. Ең жақсысы бар жағдайымды толық түсінді. Адамды адамның түсінгені неткен жақсы. Бәрі де сол түсіністіктен басталады. Ынтымақ деген сол. Ал ынтымақ – ырыстың кілті.
– Жаңабай, «түсі жылыдан түңілме» деген қазақ. Өзің бір жүзің жылы, инабатты бала екенсің. Менде бір тілек бар, – деді.
– Айтыңыз, – дедім. ақсы. Жалпы, серіктесіп күнелтсек қайтеді, – деді.
– Сонда қалай? – дедім мен.
Дәукең күлді. Күлді де:
– Соны да білмейсің бе, менің үйіме қоңсы қон. Мен саған жұмыс тауып беремін. Еңбегіңді жеу былай тұрсын, өзіңе қылдай қиянатым тимейді, – деді.
– Сонда не етпекпін, – дедім көңілім бір жақсылықты сезіп, – мен не істеуім керек?
– «Қызыл қозы» дегенді білесің бе? – деді.
– Жоқ, – дедім білмейтінімді айтып.
– «Қызыл қозы» деген былай, – деді ол. – Сен екі жүз қарлы қойды аласың да, соның тумаған төліне еңбек етесің. Қысқарта айтқанда былай, екі жүз саулық қойдан маған жүз қырық қозы алып берсең болды, қалғаны сенікі. Басқадай ішім-жем жағынан да қарасып тұрамын. Бірақ бір айтарым және ең соңғы айтарым сол, адал бол. Ешқашан жалған сөйлеп, біреуді жарға жығушы болма.
– Мақұл, – дедім мен. Өйтпеске шарам да жоқ еді.
Екі күннен кейін қасына көшіп келіп, серіктес болдым. Жә, жаман емес, еңбегім жанды. Сол жылғы төл жаман болмады. Қапаш екеуміз жарықтық шопан атаны көзіміздің қарашығындай күттік. Екі жүз қой екі жүз он қозы тапты. Менің үлесіме жетпіс қозы тиді. Осы жәй қатарынан төрт рет қайталанғанда, қорам қойға толып шыға келді. Ол былай тұрсын, бұзау-тана, құлын-тайдан басталған ірі-қара да қаулап өсіп кетті. Аманшылық болса, енді тағы аз шыдап, шетелдік жеңіл көлік сатып алғаннан кейін, менің де «қызыл қозыға» келіспек ойым бар. Сөз басындағы «Бейнет түбі – зейнет» дегенімнің мәнісі сол, – деп Жаңабай сөзін аяқтады. Қалай дейсіздер, бұл тірлік сіздерге де ұнаған болар дегенді пиғылымен білдіріп, жадырап күліп қойды. Сарғыш өңі батар күннің шапағына бөленіп, алаулай түсті.
Біз серігіміз екеуміз жаңа танысымыздың сөзіне еріксіз иланып, үнсіз бас шұлғыдық.
Алыста, ирек-ирек таулардың арғы жақ қойнауын алқызыл арайға шомылдырып, күн батып бара жатты.

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Құмалaқшы

Жүрегінің түбінде шошайып отырған күдік Қатираны жынды қылды. Жанына мұң қаптырған бұл іст…