Басты бет Басты ақпарат ШОНЖЫДА — ШЫРЫН ЗАУЫТЫ

ШОНЖЫДА — ШЫРЫН ЗАУЫТЫ

0
1,482

Жыл санап елімізде елеулі жаңалықтар орын алып келеді. Оның барлығы – халықтың игілігіне жасалған ізгі істер. Елбасының салиқалы саясатының арқасында тіршілігіміз тұрақты, даму жолымыз ілгері, экономикамыз қарқынды. Оған дәлел мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен бой көтеріп жатқан көркем мекемелер, шикізат өңдейтін және өнім шығаратын зауыттар. Олардың барлығы жұмыссыздықтың азаюына едәуір үлесін қосып, халықтың құр жатпауына жасалған жағдай десек қателеспейміз.

Ауданымыздың орталығы Шонжы ауылында тағы бір көрікті ғимарат бой көтерді. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында шырын шығаратын зауыттың ашылуы салтанатты түрде өтіп, ауданның атпал азаматтары мен тұрғындары қуанышты жиынға жиналды. Салтанатты шараның алғаш сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов аудан халқын ең алдымен тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, егемендігіміз бен Елбасымыздың салиқалы саясаты жайында сөз қозғады. Еліміздің бірлігі мен тірлігінің арқасында жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, әлемге әйгілі болған мемлекетімізді одан ары дамыту жолында жасалатын жұмыстардың жетерлік екендігін алға тартты. Сонан соң дәл осындай айтулы күні құрылысы аяқталып, аудан тұрғындарының игілігіне жұмыс жасайтын «Agro Processing» ЖШС-ның ұжымына алғысын айтып, ақжарма тілегін жолдады. Сонымен қатар елдің даму жолында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталып, бақ өсіру, мал шаруашылығы сияқты істердің жыл санап ілгерілеуін мақтанышпен айтты. Ал ауданның азаматтарына ақ алғысын төккен «Agro Processing» ЖШС-ның директоры Азамат Орумбаев ең бірінші салтанатты шараға жиналғандарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, зауыттың атқаратын жұмысы жайында қысқаша ақпарат беріп, істің ілгерілеуі алдағы уақыттың еншісінде екендігін ескертті. Ол үшін аудан тұрғындарынан көмек күтетіндігін де жасырмады. Ауданымызда бақ өсірудің қас шеберіне айналған Уйғун Арзиев мемлекет көмегінің нәтижесінде жеткен жетістіктерге көз жүгіртіп, аталмыш зауыттың аудан халқына пайдасының зор болатындығына сенім білдірді. Жүрекжарды жақсы тілектерден кейін зауыттың лентасы қиылып, жиналғандардың барлығы оның құрылысымен танысты.
«Agro Processing» ЖШС-да он сегіз адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Олардың ішінде лаборатория қызметкерлерімен қатар құрылғыны басқаратын мамандар да тер төкпек. Зауыттың жұмысы маусым мен қазан айларында жүргізіледі. Яғни ол – жазғы және күзгі жемістердің піскен кезінде. Маусымдық жұмыс кестесіне сай қосымша тағы алты адам жұмысқа алынады. Жұмысшылардың барлығы тұрақты айлықпен, жұмыс тәртібі бойынша түскі үзіліспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зауыттың ішінде асхана да орналасқан. Мұның барлығы жұмысшыларға жасалған жағдай дейді «Agro Processing» ЖШС-ның директоры Азамат Орумбаев. Ал зауыттағы құрылғыларға келер болсақ, сағатына 1,5 тоннаға жуық жеміс шырынын өңдей алады. Бұл жерде барлық жұмысты тек техника ғана атқаратын көрінеді.
Бүгінгі таңда еліміздегі басты мақсат – жұмыссыздықты жою. Ол үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар да аз емес. Тек батылдық, шыдамдылық және іскерлік қана қажет. Ендеше аудан тұрғындарына қуаныш сыйлағалы отырған зауыттың жұмысының ілгерілеуіне біз де тілектеспіз.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…