Басты бет Рухани жаңғыру ТІЛІМІЗ ҮШІН ТИІМДІ ҚАДАМ

ТІЛІМІЗ ҮШІН ТИІМДІ ҚАДАМ

0
1,436

Еліміз тәуелсіздік тәжін кигеннен бері көптеген өзгерістер болып жатыр. Әр салада оңтайлы реформалар қолға алынды. Елдің еңсесін көтеретін жаңалықтар да жағымды. Экономика еселенді, тарихымыз танытылды. Саясатымыз сара жолын тапты… Ендігі бір мәселе – латын әліпбиіне көшу. Жалпы латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Онан соң солақай саясат содырларының сілтеуімен кириллицаға көштік. 1991 жылы егемендікті еңсердік. Енді етектен тартар, балақтан басар, бастан асар ешкім жоқ. Тәуекел…
Әлемде өзінің мемлекеттігін құрған, ел ретінде еңсесін тіктеп, ұлт ретінде ұйысып отырған 200-ден астам халық бар екен. Ал қазіргі заманда дүниежүзі бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар екен. Олар – ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған. Осылардың арасында ағылшын тілінің түп төркіні және бастаулары көне грек, римдегі латын алфавитінен бастау алғаны тарихтан белгілі. Кейін ағылшын тіліндегі алфавит ретінде кеңінен қолданысқа еніп кетті. Бүгінде дәл осы латын әліпбиі дүниежүзінің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 60 пайызы пайдаланатын әліпбиге айналып кетті. Мәселен, кейбір мәліметтерге сүйенсек, кириллицаны дүниежүзі елдерінің 3 пайызы, араб әліпбиін 9, ал қытайлық иероглифтерді 11 пайызы пайдаланады екен. Олардың қатарында Ұлыбритания, Германия, Америка Құрама Штаттары, Австралия, Индонезия, Малайзия, Филиппин сияқты алыптар мен өркениеті өскен, экономикасы көш ілгері кеткен елдер бар. Тіпті түркі тілдес мемлекеттердің арасында да аталмыш әліпбиде жазып, оқитын мемлекеттер жетерлік. Мәселен Түркияда Ата Түрік 1928 жылы бүкіл елін латын алфавитіне көшірді. Ол кезде түріктер араб және парсы тілінде жазатын. Демек, біз бұдан олардың өркениет заманына қарай бет бұрғанын аңғарамыз. Өйткені латын әліпбиі өркениеттің әліпбиі болып отыр. Ал көршілес Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан мемлекеттері тәуелсіздік алған уақыттан бастап әліпби ауыстыру ісіне кірісіп кетті. Олар да заман талабына сай даму үшін латынды өздеріне қабылдады.
Деректерге арқа сүйесек, әлемнің 48 мемлекетінде Атажұрттан алыстап жүрген 5 миллионға жуық қандастарымыз бар екен. Яғни, осыншама қазақ бауырларымыз жат жерде, жат тілде оқып, білім алуда. Сақталған салттың санадан өшпесіне кім кепіл? Ұлттық болмыстан ажырап қалмасына кім кепіл? Ал олардың басым бөлігі дәл осы латын әліпбиін танып отырған жайы бар. Сондықтан латын қарпі ұлтты біріктіруші Ана тіліміздің барша қазаққа таныс «тымағы мен тоны» болады. Ал бұны қажеттіліктің қажеттілігі деуге толық негіз бар.
Ағылшын тілінің қолданыс аясы күннен күнге кеңейіп келеді. Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл енуде. Ал алдымызға жүйелі жоспар, мінберлі мақсаттар қойған біздің еліміз үшін бұл үдерістен тыс қалуға болмайды. Яғни өркендеу мен даму жолындағы ағылшын тілін айналып кете алмаймыз. Ал ағылшын тілі жоғарыда айтып өткендей түп төркінін дәл осы қаріптен алып отырғаны баршаға аян.
Кейде тіліміз шұбарланып кетті, әуезділігіміз әдірем қалып, кірме сөздермен кірленіп кетті деген пікірлер тоғысып жатады. Кириллицадан келген жат дыбыстар сөздеріміздің тазалығына нұқсан келтірді дейміз. Рас. Мөлдіріміз Молдир, Әйгеріміміз Айкерим, Гүлнарымыз Гульнар, Әділіміз Адиль болды. Бұл – қазақ тілінің үндестік заңын көп ескере бермейтіндігінің салдары. Үндестік заңының ескерілмеуі үлкен қиянат, ол біздің тіліміздің болмысын бұзады, сұрқын қашырып, сұлулығын сын көтерместей етеді. Ендеше латынға көшу арқылы әуезділігіміз бен сөзіміздің көркемдігін сақтай отырып, әдемі жымдасқан грамматикалық әліпби жасауға мүмкіндік туып отыр. Бұл – өрелік пен өрлікті, шеберлікті қажет ететін жұмыс.
Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын жан бірен-саран. Елімізде заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылым құрудың нәтижесінде интернет қолданушылардың саны 2016 жылы 72,9%-ға жетіп, Қазақстан Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексінде 41-ші орынға ие болды. Ал сол ғаламтордағы ақпараттардың 80 пайызы латын қарпінде жазылса, іздеу жүйелері де ақпараттарды латын әрпінде іздестіреді. Әлемді басқарып отырған цифрлық технологиялардың тілі латын қарпінде. Мына дәуір – ғаламтордың, компьютердің, ғаламтор арқылы уақыттан ұтқандардың дәуірі. Сондықтан сағаттай сырғыған, зымырандай зулаған уақыт көшімен жарысқан интернеттің, техниканың «құдіретіне» немқұрайды қарауға әсте болмайды.
Дәл осындай қажеттіліктерді алға тартқан қазақ ғалымдары, қоғам қайраткерлері тәуелсіздік алған жылдары Елбасына латын қарпіне көшу туралы ұсыныс тастаған болатын. Ол кездегі әлеуметтік жағдайымыздың әлсіреп, экономикамыздың еңсесін тіктей алмаған кезі болғандықтан Елбасымыз бұл істі кейінге шегерген болатын. Тек Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев алғаш рет бұл туралы 1996 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясында: «Латын қарпіне ұсынылып отырған көшудің өзі қазақ тілін басқа этностар өкілдерінің игеруіне, Қазақстанның әлемдік ақпарат кеңістігіне, технологиялық тұрғыдан бейнелеуге, сондай-ақ түркі тілді дүниемен мәдени тұрғыдан бірігуіне неғұрлым тиімді көмек көрсетер еді», – деген болатын. Бұдан кейін де бірнеше рет латын әліпбиіне көшудің күрделілігімен қатар пайдалы да, тиімді жақтарын сөз етті. Мұнан соң Мемлекет басшысы өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Ал биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу жайы осы уақытқа дейін мұқият зерттеліп, зерделенгенін, тәуелсіздік алғалы бері дайындық жұмыстарының жүргізілгенін айта келе, нақты тапсырмалар берді. Міне, осы күннен бастап, арнайы жұмыс тобы құрылып, латын әліпбиіне көшу мәселесі төңірегіндегі жұмыстар басталып кетті. Ғалымдар мемлекет басшысы мен халық қалаулыларына латын әліпбиінің қазақ тіліндегі үлгісі ретінде 2 нұсқа ұсынды. Әуелгі диграфтар арқылы жазылған нұсқа ел арасында біршама сынға ұшырады. Мұнан соң ғалымдар 32 дыбыстан тұратын, қазақтың төл әріптерін ноқатпен беретін әліпби үлгісін ұсынды. Бұл нұсқа да халық талқысына ұсынылды. Ал 26 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатындағы жарлыққа қол қойды.
Осыдан соң облыс, аудан көлемінде үгіт-насихат топтары тұрғындармен кездесулер өткізіп, латын қарпінің оңтайлы тұстарын саралап, көкейкесті сауалдарға жауап беріп қайтты. Аудан көлемінде де арнайы топ құрылып оған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев басшылық етті. Аудандағы тіл оқыту орталығы мамандарынан және аудандық газет қызметкерлерімен, белсенді тілшілерден құралған топ Шошанай, Сүмбе, Қырғызсай, Қалжат, Кіші Дихан, Үлкен Дихан, Кетпен, Кепебұлақ, Сұңқар, Дардамты, Добын, Ардолайты ауылдарын аралап, ел-жұртпен кездесу өткізіп қайтты. Аудан әкімнің орынбасары Дәулетжан Модинұлы, №5 коррекциялық кабинет директоры Мамытқан Құдайбергенов, Ж.Құдайбергенов атындағы №2 Шонжы орта мектебінің директоры Бибігүл Абдилова, тіл оқыту орталығының директоры Гүлзия Алшынова, орталық оқытушысы Әсия Алтынбековалар әр ауылдағы тұрғындарға латын қарпінің бүгінгі қолданыс аясының кеңтігін, ол еліміздің өркендеуі мен өсуі, дамуы мен дара жолға түсуі, әлем көшіне ілесуі, түркі дүниесімен терең танысуға, ұлттық әліпбиіміздің қалыптасуына қосар үлесінің зор екендігін қарапайым тілдермен, нақты мысалдармен әсерлі ете отырып, жеткізді. Ауыл тұрғындары тарапынан орыс тіліндегі мектептер жайы, орыс тілінен енген әріптер жайы, елді мекендердегі тұрғындардың сауаттандырылуы, ұйғыр тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі, бүгінде кітапханадағы миллиондаған кітаптарымыздың жайы, оқулықтардың латын қарпіне көшуі туралы өздерін алаңдатқан, көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Топ мүшелері тарапынан әр сауалға нақты әрі тұщымды жауап қайтарылды. Әр ауыл азаматы бұл мәселенің мәнісін ұғынып, мұны еліміздің алға қарыштауы барысындағы айшықты жол екендігін түсінді. Қырғызсай ауылынан Ғазиза Шажабаева, Кетпеннен Тоқан Әлібеков, Кепебұлақ ауылынан Кеуерхан Ахметова, ардолайтылық Мұқатай Төлендиевтер еліміздің латын қарпіне көшуін қолдайтындықтарын, әрі бұл болашақ ұрпағымызға ашылар даңғыл жол екендігін ұғынғандықтарын жеткізді.

ТҮЙІН

Иә, латынға көшу – әлемдік кеңістікке бастар жол. Латын әліпбиін қабылдау – еліміз үшін үлкен рухани құбылыс. Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына серпіліс әкелетін дара жол. Бұл – Мәңгілік ел мұратына бет түзеген қазақстандықтардың ортақ мүддесі. Латын – барша қандастарымызды рухани бірлікке бастайтын алтын көпір. Латын әліпбиі – сана-сезіміміздің оянуына түрткі болатын құндылық. Жалпы айтқанда ел ертеңі үшін қажеттілік. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен. Ендеше ертеңіміз үшін ерек болатын әліпби ауыстыру мәселесі оң шешім екеніне ешқандай дау жоқ. 

 

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…