Басты бет Әр қилы ЕНЕ МЕН КЕЛІН

ЕНЕ МЕН КЕЛІН

0
1,163

Анекдот, қызықты оқиғаларды кейде ойдан шығарылған, біреудің фантазиясынан құрастырылған дүние деп қарап жатамыз. Қожанасырлау адамдардың айтқандарын да мың түрлендіріп, құбылтып өмірде болмағандай, тек қана ауызекі әңгіме арасында немесе ертегі сияқты қиялдан туған нәрсе деп бағалаймыз. Ал оның мән-мағынасына тереңірек үңілер болсақ, оның бәрі өмірде болған, өмірден алынған, біреудің басынан өткен жағдаяттар. Бүгінгі хикаям да қоспасыз, боямасыз өмір.

Ауылдың қарапайым, орта шаруа отбасында тәрбиеленген Айнұрдың тағдыры. Шашы беліне түседі, бойы аласа, денесі тығыршықтай. Бет-әлпеті өте келісті. Әсіресе көзі жанып тұрады. Шашын екі бұрым етіп біреуін арқасына тастаса, екінші бұрымын алдына салып жүретіні керемет жарасымды. Мінезі аңқылдап қалған, ақкөңіл. Кімнің болса да іші-бауырына кіріп, ешкімді жатсынбайтын жақсы мінезді қыз. Мектепте жүргенде оған көз салған, сөз айтқан жігіттер көп болмаса да, Манарбек шын ғашық болатын. Айнұр оның махаббатына жауап бермек түгілі көзінің қиығын да салмайтын. Оның арман-мақсаты өте биік, қалаға барып мұғалімдік оқуға түсу, сонан соң мүмкіндік болса музыкалық білімді қоса алу. Әдемі қоңыр дауысты, анда-санда мектептегі мәдени шараларда домбыраны да даңғырлатып қоятын қабілеті де бар.
Орта мектеппен қош айтысып, түгелдей дерлік түлектер білім іздеп Алматыны бетке алдық. Айнұр да қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне құжаттарын тапсырды, конкурс өте көп болғандықтан ілінбей қалды. Педагогикалық училищенің студенті атанды. Оны мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығы бойынша тамамдады да, қаланың көп балабақшаларының біріне жұмысқа орналасты. Манарбек сезіміне ешқандай жауап болмай бетінің қайтқанына қарамастан ол Айнұрды іздеуін тоқтатпады. Ал Айнұр балабақшаға інісін әкелетін қаланың бір сұлу жігітіне ғашық болады. Соның інісін өз баласындай әлпештеп, жолын тосатын әдет тапты. Кейде ата-анасы келсе кәдімгідей қамығып қалатын. Ол кезде қазіргідей емес қалалықтар мен ауылдықтардың ерекшеліктері қатты байқалатын. Оның аты – Мақсат. Әйтеуір сылтауратып жүріп Мақсатпен байланыс орнатып алды. Осы жігіттің жолында өзін құрбандыққа шалды. Жақсы көрмей тұрғандығын сезіп жүрсе де артынан қалмай қойды. Махаббатының соңы Айнұрдың жүкті болуымен аяқталды. Қаланың тікбақай баласы ауылдың бұрымды қызын менсінбеді. Жүкті екендігін естіген күннен бастап балабақшаға аттап баспайтын болды. Айнұр барар жер, басар тауы қалмай, ауылдағы ата-анасы, бауырларының қаһарынан қорқып, пана іздей бастады. О, тоба, осындай жағдай болатындығын біліп жүргендей Манарбек кесе-көлденең алдынан шыға қалды. Баяғы пәк сезіміне еш қылау түспеген. «Менің-ақ балам болсын, екеумізден басқа ешкім білмейді, анама менің балам деймін, дәл қазір үйленейік» деген ұсынысын айтады. Айнұр тығырықтан шығар жол табылғандай бір сәт қуанғанын да жасырмады. Сөйтіп өз ауылына келін боп түсті. Ауылдың сыпсыңдаған жеңгейлері оның екіқабат боп қалғандығын, Манарбектің басын айналдырып алғандығын, Айнұрды іштей жақтырмайтындықтарын бір-біріне сымсыз телефон арқылы жеткізіп жатты. Мұндай әңгімелердің бір ұшы Айнұрдың да құлағына тиетін. Ішінен тынып, амалы жоқ құттықтағандардың тілектеріне өтірік күліп, рақметін айтатын. Аз уақыттан соң дүниеге сүйкімді қыз бала келді. Атын Гүлжан деп қойды. Манарбектің қуаныштан есі шығып, екі құлағы екі езуінде, – достарының арасында алғашқы әке болғандығын мақтанышпен жеткізіп, той жасады. Өзінің қызы дүниеге келгендей шаттанды. Айнұр да Манарбектің өзіне деген махаббатын, сезімін бағалап, аялап, ендігәрі Манарбектің көңіліне еш қаяу түсірмейтіндігіне, енесін төбесіне көтеріп сыйлайтындығына серт берді. Манарбектің тап-таза махаббатына ендігі жерде бұл да сондай тазалықпен жауап беріп, үлгілі шаңырақ болатындығына, сүймей қосылған жарына тек жақсылықпен жауап беретіндігіне өзін сендірді. Адам шын ниетімен тілеу тілесе ол міндетті түрде орындалады екен. Айнұр өзінің ризашылығын күнде Манарбекке айтудан жалыққан жоқ. Гүлжан алты айға толғанда бойына тағы нәресте бітті. Қыздары бір жастан асып аяғын апыл-тапыл басып жүргенде Манарбектің аузынан түсіп қалғандай ұл бала дүниеге келді. Атын Асылжан қойды. Екі баланың жөргегі, тамағы Айнұрды әбден есеңгіретті. Тілерсегіне түсетін шашын жууға да уақыт таппай, тіпті қысқа етіп кесіп тастағысы да келген. Манарбекті ренжітпеймін деген уәдесінде тұрды. Өйткені Манарбек оған шашына бола ғашық болғандығын жиі айтатын. «Балаларды түнімен өзім қарайын, сен ұйқыңды қандырып ал», – деп балаларының күтімін де мойнына алып алған.
Жүйе өзгеріске ұшырап, қайта құру, нарық деген замандар туды. Ел есеңгіреп күнделікті наны мен шайын табудың жолына әркім әрқалай түсе бастады. Манарбек ойланбастан қалаға құрылыс саласына жалданды. Бағына орай үлкен бір фирмаға бірден жұмысқа алынды. Табысы жаман емес, бір шаңырақтың қажетін өтеп, тіпті үнемдеуге де жетіп артылып жатты. Ешкімнің қолына түсе бермейтін АҚШ долларын да Айнұрдың қолына салды. Айнұр да оның басын құрап, дастарқанын жайнатып, келген қонағына ыстық бауырсағы мен дәмді етін ала жүгіретін берекелі әйелге айналды. Енесінің есі шығып қуанып, келінімнің аяғы құт болды, – деп келген, кеткеннің бәріне Айнұрды мақтайды. Асылжанды тіпті әке-шешесіне бермей өзімен бірге қыдырған жерінен тастамайтын болды. Ол да нағыз апасының баласына айналды. Манарбек қаланың тірлігіне бойы үйреніп, сол жақта қалуды ойластыра бастағандығын суыртпақтап анасы мен әйеліне жеткізді. Анасы еш қарсылығы жоқтығын айтты. Тек қана «Асылжанды маған қалдырыңдар, Гүлжанды өздеріңмен ала кетіңдер», – деп шарт қояды. Жас жұбайлар бұл пікірге қуанбаса ренжіген жоқ, қайта ауылға жиі келіп тұратын боламыз деп қарт ананы қуантты. Манарбектің қолынан құрылыстың барлық түрі келетіндіктен құрылыс бригадирі болып қызметі өскен. Алғашқы уақытқа деп бағасы арзандау, қаланың шетінен бір бөлмелі пәтер жалдады. Табысы жақсы. Жаңадан салынып жатқан ықшаудандардан арзанға жер учаскелері бөлініп жатқандығын естіп, оның да жолын тауып, 10 соты жер сатып алады. Күндіз жұмысында кешке құрылыстағы балалардың басын қосып аздап пұлын төлеп, екі бөлмелі уақытша тұратын үй салуды қолға алды. Оның да төбесін жауып, өздеріне хан сарайындай көрінетін үлкен екі бөлмелі үй салынды. Айнұр да қарап жатпай ел көп жүретін «Саяхат» автобекетінің жанындағы асханаға аспаз болып жұмысқа тұрып алған. Асхана қожайыны Айнұрдың пысықтығына, ептілігіне іші жылып, біраздан соң оны әкімшілік жетекшісі етіп лауазымын өсірген. Жейтін тамақ ағыл-тегіл, үй салынды. Жаратушы ием көмектескісі келсе «фөртөшкеден» береді деген осы. Манарбек пен Айнұрдың өмірлері де тура сол фөртөшкеден тастай салынғандай береке мен байлыққа толы басталды. Олар енді қаланың толыққанды тұрғындарына айналды. Жұмыстары жайлы, жапонның қымбат көлігін де мінді. Екеуінің еттері тірі болғандығынан шығар енді олар пәтер жалдаушыларға арнап бір-бір бөлме үй салуды жоспарлады. Қалаға келгендердің көбісі осы маңнан пәтер іздейді екен. Бұл жоспарлары да тез іске асты. Ұйықтау, демалу дегенді білмейтін Манарбек әйелі мен қызына тыныштық бермейді. Ықшамаудандарында монша деген атауымен жоқ. Ендігі кіріс көзі сол моншада екендігін түйсінген олар моншаның құрылысын қолдарына алады. Өз ісінің нағыз білгірі әрі қолы шебер Манарбек бұл жобасын да іске асырды. Монша саудасы керемет табыс әкелді. Айнұр дәмханадағы жұмысын қимаса да кетуге мәжбүр болды. Моншаға да бас-көз болатын өзі. Ауылдан анасы немересін көтеріп жиі қонаққа келеді. Олар келген күні Алматының барлық базарын аралатып, кемпір мен баланы бастан-аяқ киіндіру дәстүрге айналған.
Жүрдек уақытта тоқтау жоқ. Асылжанның да мектеп бітіретін мезгілі таяу. Соңғы жылын қаланың мектебінен өздерің оқытыңдар, мен қартайып қаппын, шамам азайды деген ананың сөзін жерге тастамай оны қаланың мектебіне ауыстырды. Аналарын да бірге көшіру ойларын айтқанда қарт келіспеді. Өзі тәрбиелеген баласын қимағандығын көзінің мөлтілдеген жасы арқылы сездіріп қойса да, іштей қайратына мінгендігін көрсетіп, ауылда қала берді. Асылжан апасының тәрбиесін алған бала болғандықтан өте сыпайы, биязы. Ел қызығатындай-ақ бала болып өсті. Сыныптастарымен де тез тіл табысып, қаланың тірлігіне де бірден үйренісіп кетті. Тек апасын жиі сағынатыны болмаса. Апасы ауылда жалғыз қалғандықтан ба, бірден шөгіп, кәрілік қамытын көтере алмағандай бүкшиді де қалды. Апама келін түсірсем, менің балаларымды көрсе деген арманы Асылжанды сұлу қыздарға көп қарағыштатып қойды. Армандап жүргенде апасының ауырмай-сырқамай қайтыс болғандығы туралы қаралы хабар жетеді. Асылжан үшін бүкіл көк аспан қара түнекке айналып, көзінің алды қарауытып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Апасына келін көрсете алмағанына, еңбегін ақтай алмағанына қатты қапаланып, біраз түнді ұйқысыз өткереді. Енесі баққан бала болғандықтан Айнұр да оның қас-қабағына қатты қарағыштайды. Есті бала апасына көрсете алмаған жақсылығын анасынан аянсын ба, қаланың ең сұлу қызына үйленгісі келді. Достарымен қыдырса да, қонаққа барса да анасына ұқсайтын қыз іздейтін әдет тапты. Оның сәті түскендей. Достарымен кезекті бір отырыста Гүлнар деген қызбен танысты. Сыртқы бейнесі тура анасына келеді. Тек шашы ғана ұзын емес. Көзі, келбеті бәрі-бәрі анасы сияқты. Гүлнардың қай жерде тұратындығын, не тіршілік жасайтындығын қазымырланып сұрай бастады. Анасы екеуі ғана тұратын болып шықты. Асылжанға оның көп сөйлемейтіндігі, томпақтығы ұнады. Сөйтіп бас-аяғы 5-6 айдың ішінде екеуі үйленіп, қаланың ең қымбат мейрамханаларында дүрілдеген той өтті. Асабаның да ең қымбаты шақырылды. Жалғыз ұлдан аянар несі бар. Манарбек пен Айнұр банктен үйді кепілдікке қойып қыруар несие алды. Қыздың жасауы да шетелден әкелініп екі жас дүниенің астында қалды. Біреудің әлпештеген жалғызы. Айнұр өзі енесінен көп жақсылық көргендіктен келініне де соны қайтарғысы келді. Түске дейін ұйықтаса да ешкімге оның ұйқысын бұзғызбады. Ол келе салысымен-ақ бойына бала біткендігін еркелеп отырып айтқан. «Шіркін апам болса ғой, менің баламды көретін еді», деп Асылжан апасын жиі есіне алатынды шығарды. Гүлнардың жүктілігі оны барлық міндеттен босатты. Тамағын елмен бірге емес, өз бөлмесінде ішетінді шығарды. Жүктіліктің салдарынан деп оған да мән берген ешкім болмады. Қасиетті рамазан айында келін шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкелді. Бақыттан бастары айналған Манарбек бен Айнұр қайда жүгіріп, не істерлерін білмей ауылдағы апаларының барлық достарынан, көршілерден сүйінші сұрасты. Олар да бесік тойға келетіндіктерін білдірісті. Баланың атын Рамазан қойды. Қырық күн далаға шығармай, үп еткен жел тигізбей бақты. Немерені де, келінді де. Тек емізіп береді, қалғанын Айнұр өзі тап-тұйнақтай етіп жөндейді. Жөргек де жуулы, тамақ та әзір, арасында моншасын да жағады. Бесік тойға дайындық басталды. Жақсылыққа балап тойды жұма күніне белгіледі. Келін ертеден кешке дейін ұйықтайды. Базардан бесік тойға керек-жарақтың бәрін әкелді. Қазысы, тауығы басқасы бар. Тойбастары да әзір. Қатты әбігерге түссе де Айнұр барлығын жалғыз өзі-ақ реттеп үлгеріп жатты.
Жатын бөлмелерінен Асылжанның дауысының қатты шығып жатқанын естіп, немересін бауырына қысып солай қалай жүгірді. Келіні заттарын буып, түйіп алған. Аузынан жаман, былапыт сөздер қардай борайды. Айнұрдың бір сәтке есі ауысқан адамдай Гүлнар емес алдында басқа жан тұрғандай сілейді де қалды. Келін бір жылдан бері осы үйдің ережесіне көне алмағандығын, тек тамақтан басқа ойларында түктері жоқ «қызық» тіршілік кешіп отырғандықтарына налығандығын айтып салды. Сосын кетемге басты. Асылжан да «Ана, кете берсінші, сіздердің көңілдеріңізге қарап мұның бір жылдағы маған көрсеткенін айтпай-ақ қояйын, жіберіңіз, мен шаршадым» деп тұр. «Ертең бесік той, қонақтар алыстан келеді, ұят-ай, не бетімді айтамын, Гүлнар ақылың бар ғой, ертең баламның тырнағын, шашын алып берейін, елден ұят, сосын өзім апарып қояйын», – деп келінді келісімге шақырады. Жоқ, ешқандай сөзге тоқтар емес. Баланың шырылдағанына қарамастан заттарын сыртқа таси бастады. Анасы да бір мезетте такси алып келе қойды. Ешнәрсенің байыбына бара алмаған Айнұрдың «Не үшін?» деген сұрағына жауаптар толассыз жауған жаңбырдай борады. Манарбектің жуастығын есекке, Асылжанның сыпайылығын надандыққа, Айнұрды ешнәрсенің байыбына бармайтын талғамсызға, Гүлжанды байға тимеген кәрі қызға теңеп бәрін-бәрін жіпке тізіп, мойындарына қарғыбаудай іліп кетті. Әшейінде ешкімге есесін жібермейтін Айнұрдың аузын аштырмады. Ол тұтығып, құдағиынан көмек сұрағандай жалбарына бастады. Байлықтарын, заттарының тек таза шетелдік екендігін айтып мақтанып та алды. Қалған мүліктерін ертең келіп алып кететіндіктерін де ескертті.
«Сырын білмегеннің сыртынан жүр» деп бекер айтылмаған екен-ау. Адамдарды тану қандай қиын. Қабаған екі иттің арпылынан қашқандай боп Айнұр сыртқа шықты. Көзінен аққан жас тоқтар емес. Жүрегі де шаншып, енесінің өзіне берген батасын есіне алды. Құдайдан сабыр сұрады. Айнұр келіннің ақылға келіп, қайта оралатындығына сенетін сияқты. Асылжан арқасынан ауыр жүк түскендей ажырасқан адамдай емес, көңілі көтеріңкі. Апамның мынаны көрмегені қандай жақсы болды деп масаттанып қояды.
Айнұр бәрібір елеңдеп, жақсы хабар күткендей есік жаққа қарағыштай беретін әдет тапты. Келінінің ақылға жеңдіріп келетіндігіне іштей сенді. Бірақ олар тым-тырыс. Тек заң жүзінде ажырасуға арыз бергенде ғана Айнұрдың енді немересін көрмейтіндігіне көзі жетті.
Әркім өз тіршілігімен уақыт сырғып өтіп жатты.

…Телефонның шар ете қалған дауысы үйдегілерді селт еткізді. «Түн жарымында бұл кім болды екен», – деп үрейленген Манарбек те, Айнұр да бір мезетте телефон құлағына жармасты. Ар жақтағы дауыс Рамазанның күтуші әйелі екен. Гүлнар мен анасы моншада ыстанып, уланып қалыпты. Құдайдың құдіреті бір қаладағы бес үйі де иесіз қалғаны ма. Тез арада жиналған Манарбек пен Айнұр ұлдары Асылжанды да оятты. «Бару керек, соңғы сапарға аттанғанда ең болмаса құран бағышталық, баламыз Рамазанымыз бар ғой», – деп Айнұр өзіне ме, басқаға ма айтып жатқаны белгісіз сөйлеп жүріп жиналды. Әркім өз ойымен өзі әуре. Айнұрдың ойы немересінде. Арты қалай боларын ешкім болжап та, жобалап та айта алмас. Әйтеуір Рамазанды бауырларына басса болғаны. Алланың жазуына ешкім қарсы келе алмайды. Тағы бір жаңа тағдырдың басталатыны ғана анық…

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…