Басты бет Рухани жаңғыру ТУҒАН ЖЕР — ТҰҒЫРЫМ

ТУҒАН ЖЕР — ТҰҒЫРЫМ

0
1,646

Әр қазақтың түп қазығы, айбыны мен байлығы – туған жер. Бұған ешкімнің де дауы болмас, сірә? Қаламының қары сынбаған әр ақын «туған жер» деп жыр жазған. Әр суретші де табиғаты ерек тіршілікті, туған жердің әрбір сайы мен тасын өз шығармашылығына арқау етіп, қылқаламның құдіретімен небір туындыларды дүниеге әкелген. Өйткені кіндік қаның тамған, өскен ортаң ыстықтығымен құнды. «Қазақ жырының Қадыры» атанған ақын Қадыр Мырза Әлі:
«От ішінде,
Өрт ішінде күйгенде,
Басыңды име,
Тізе бүкпе,
Именбе!
Ер еңкейсе еңкейеді
Жалғыз-ақ
Туған жердің топырағын сүйгенде!» –
дейді.Иә, туған жердің топырағын еміренбей иіскеу, оған тізе бүкпеу, бас имеу мүмкін емес-ау…
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жер туралы толымды ой айтады. Туған жерге сүйіспеншілікпен қарауды ұсынады. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», – дей келе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырады. Бағдарлама аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын ұйымдастыруды, туған жерге қамқорлық жасағысы келген жандарды қолдауды, ауылдарымыз бен қалаларымызды көгалдандырып, мәдени қорын байытуды мақсат етеді. Елбасының аталмыш мақаласы жарық көргеннен кейін-ақ еліміздің әр түкпірінде туған жеріне деген сүйіспеншілігін арқалап, елге қуаныш сыйлап, қал-қадірінше көмек қолын созып, түрлі игі шаралар атқарып жатқан азаматтар саны күн санап артуда. Жуырда Сүмбе ауылында да «Туған жерге тағзым» атты іс-шара өтіп, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар бас қосты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсек, теміржолшылар Шарубеков Мұрат пен Ибраимов Ерлан, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тұрысбеков Дүйсенғожа, Қазақ Британ университетінің профессоры, доцент Тикебаев Талғат, кәсіпкер Ерғазиев Нұрлан, Қожаев Нұрбол, Найманбаев Жүзімбай, Барманбеков Орынтай, Майбасов Талғат, ақын Көккөзов Айбол, тайбокстан әлем және азия чемпионы Күреңбаев Айбол сынды т.б. ауылдың атқамінерлері келіп, туған жерге тағзым етіп кетті.
«Бала қиялы» композициясымен сахна шымылдығы ашылды. Ауылының абыройының асқақ, беделінің биік, мәртебесінің жоғары болуын қалаған балғын жүректің асыл арманы әдемі де әсерлі жеткізілді. Мұнан соң алғашқы сөзді ауылдық округ әкімі Бақытжан Митанов алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызы мен мәнінің тереңдігін, ондағы әр сөз жаны қазақ деп күйетін, қазақты елім деп сүйетін, жүрегі қазақ деп соғатын, қазақ деп өртеніп, суыққа тоңатын әр азаматқа арналғандығын айтты. Рухани жаңғыруымыз бізді белестерге жетелейтінін сөз ете келе, Елбасының «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы айтқан ойларына кеңінен тоқталды. Ер туған жері үшін күюі керек. Ел сол ерін сүюі керек әрі бағасын асырып, бағалауы керек. Елбасының өзі туған жерде жырақ жүрсе де туып өскен жері мен еліне қызмет еткен азаматтарды тануымыз, ұрпаққа танытуымыз қажеттігін айтты емес пе? Ал бүгінде «Түгін тартсаң майы шығатын» Сүмбедей қасиетті де шұрайлы жердің топырағынан түлеп ұшқан түлектер мыңдап табылады. Олардың ішінде ғалым да, ақын да, батыр да, билік басында отырғандар да, атақты спортшылар мен белгілі кәсіпкерлер де жетерлік. Міне, бұл жиын сол сан түлектің басын қосып, туған жерге ту тігуге насихат жүргізуді мақсат еткен екен. Осы турасында айтқан ауыл әкімі туып өскен ортамызды гүлдендіруге, түрлендіруге біріге атсалысуға шақырды. Ауыл ақсақалы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген ұлы Ахаңның ұлағатты сөзін ұран етіп, ауылдың әр тұрғыны өзідерінен қанатын қатайтқан әрбір ерін құрмет тұтатынын, олар үшін мақтаныш сезімі кеуделерін керетінін айта келе, «Рухани жаңғыру» жолында ауылымызды жаңғыртайық деген аталық тілегін жеткізді. Ал ауылдың қазына қарттарының бірі Әсет Ақылбеков атамыз да ауылым деген әрі азамат Сүмбе үшін терін төгіп, еңбек етсе, қолынан келер қамқорлығын танытса нұр үстіне нұр болады деген ойын айтты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Әликеева Елбасы мақаласындағы әр ойдың астарында мінсіз ғұламалық, талассыз тапқырлық жатқанын айтып, «Рухани жаңғыру» ол сәл де болса рухымыздың өрісі кеңейген, тарихымызды танып, тәрбиемізді тірек еткен жағдайда, өткенімізді өшірмей, бәріміздің басымызды біреу еткен жағдайда іске асатынын кеңінен толғады. Дәл осы сөздерден соң мінбеге көтерілген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан ағамыз өзінің «Рух жырымен» ауыл тұрғындарының рухын асырды. «Менің ата-бабаларым арбаның дөңгелегін ойлап тапқан күннен бастап, тіршілік тізгініне жан бітіп, мына дүние дөңгеленіп жүре берді.
Содан бастап өр рухым — мәңгі өлмеске бекіп, орнынан түрегелді», – дей келе рухты ақын жасындай сөздерімен сайын даланың әр қырын, әр қырқасын, тарихы таңбаланған әр тасын жырға қосып жанарларға жылу берді. Өлеңмен өрілген «Рух жыры» ауыл тұрғындарының айызын қандырғаны сөзсіз. Ауылдың тумасы Жарас Сәрсек ағамыз да ауылына деген ыстық ықыласы мен жылы лебізін, махаббатын жыр жолдарымен өрнектеп, мөлтек сырларын мөлдірете жайып салды.
Сүмбе округіне қарасты Шошанай ауылынан шыққан белгілі теміржолшы Шарубеков Мұрат ағамыз еліміздің әр түкпірінде, тіпті шетелде жүрсе де туған ауылын мақтаныш етіп, айта жүретінін, ауданымызға теміржол тартылуына да сүмбелік теміржолшылардың сүбелі үлесі болғанын, қай кезде де туған жеріне деген сағынышы басылмайтынын жеткізді. Сол себепті ауылдың әлеуметтік жағдайының артуына сөзсіз үлес қосатынын білдірді. Алматы қаласы, Наурызбай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тұрысбеков Дүйсенғожа ағамыз осы пікірді қолдайтынын айтты. Қорытынды сөзді «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұстаз Жәнет Керімқұлов алды.
Бұл күні Сүмбе орта мектебінің залына жиналған қауымда шек болмады. Ақ жаулықты аналарымыз бен әз әжелеріміз, қазыналы қарттарымыз бен ауылдың аға буыны түгелдей бас қосқан екен. Ауылдың өнерпаз жандары әуелете ән шырқап, халықты серпілтіп отырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен туған топырағына деген аңсар-сағынышын арқалап жеткен азаматтар мұнан кейінгі жыр жарыс пен сыр жарысты берекелі дастарқан басында жалғады. Мұнда да оралымды ой айтылып, түлектер ауылдың үлкен-кішілерінің ұсыныстарын тыңдап, туған жердің жағдайының көтерілуіне бірлесіп жұмыс жасайтындықтарын айтысып, бәрі бірауыздан қор ашамыз деген келісімге келді.
Дәл осы күні Сүмбе ауылдық округінің спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысының ұйымдастыруымен, ауыл жастарының қолдауымен ұлттық спорт түрі қазандық көкпар мен салым көкпардан жарыс өтті. Оған Қырғызсай, Шошанай, Сүмбе ауылының командалары қатысты. Ат дегенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә? Келген қонақтар арасында да білекті түріп, атқа мініп, қиқулап жүргендер де табылды. Күні кеше ғана бет-аузын сірнелеп, тай мініп, тау-тас кезіп жүрген жалаңаяқ ауылдың жеткіншектері бүгінде бір-бір қызметтің тізгінін ұстап, еліміздің әр саласында еңбек етіп, «кірпіш болып қаланып» отыр. Олар дәл сол күні балалық шақты қайта еске алғандай күйде болды.
Қазандық көкпардан Қырғызсай жастар командасы бірінші, сүмбелік жастар екінші, ал Шошанай жастары үшінді орын иеленіп, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қазақ қашанда жесіріне жебеу, жетіміне демеу болған ғой. Ауыл жастары көпбалалы отбасынан шыққан 13 жасар атқұмар Ернар Айтқазиевқа тай мінгізіп, елдің ризашылығына бөленді.

Сүмбедегі әсерлі кездесу біздің де көңілімізден шықты. Ойымызға ақиық ақын Мұқағалидың мына бір өлең жолдары еріксіз оралады екен осы тұста.
…Момын елдің,
Арқа сүйер,
Азаматы біз едік,
Жеке-жеке бақыт іздеп,
Жеке өмір түзедік,
Жетер енді!..
Туған жердің топырағына тізе бүк!
Ендеше, біз де туған жердің топырағына тізе бүгейік. Солай ғана өрлігіміз бен ерлігімізді, ұлтқа деген ұлы сезімімізді дәлелдей аламыз.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…