Басты бет Тағзым ҚАРИЯЛАР ҚАЛДЫРҒАН ІЗ

ҚАРИЯЛАР ҚАЛДЫРҒАН ІЗ

0
287

Үлкеннің әңгімесі кейінгі ұрпаққа талай дүниелер қалдырары анық. Сондықтан болар «Қариясы бар ел – қазыналы» деген мақалдың ел аузында қалғаны. Олардың кеудесі тағылымы мол тарихқа толы емес пе? Осы тұрғыда өзімнің үлкен әжем жайлы бірер әңгіме жазғанды жөн көрдім. Әжем Абдықайырқызы Күлісхан 1929 жылы ақпанның 25-інде Үлкен Дихан ауылында дәулетті, әрі білімді отбасында дүниеге келген. Әкесі Абдықайыр Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Мепей ел сыйлаған ардақты жан болған деседі. Атам Мұқанәлі екеуі 4 жылдық мектепті бітірсе де сауатты, білімді болған. Қабағына қарап кісі танитын атамның еңбегін ел, ісін жұрт бағалаған екен.
Өмірде он төрт құрсақ көтерген батыр ана екі ұлын жер қойнына тапсырып, жеті ұл, алты қызды тәрбиелеп өсіріп, әрқайсысын әртараптандырған. Әр бала өз орынын тауып, өсіп, жетіліп, бүгінгі күнде олардың өздері де ата-әже болып, немере тәрбиелеп отыр. Солардың бірі – менің атам Болат пен әжем Нұршайым. Тамыры тереңге жайылған бұл әулеттің бірлігі мен тірлігі, берекесі мен ынтымағы жарасып, еліміздің әр аймағында абыройлы қызметтер атқарып келеді. Атамның інісі Әлисұлтан еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінен бастап, бүгінгі күні зейнет жасқа келсе де қоғамнан қол үзбей, ел ықыласына бөленіп «Егемен Қазақстан» газетінің саяси бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Бұл кісілердің аға-әпке, іні-қарындас, ұл-қыздары жайлы айтар болсам, қаламымның сиясы таусылып қалар. Мұндағы ойды жалпы айтқанда отбасындағы тәрбиеге келіп саяды. Үлкен әжемізден тараған ұрпақтардың барлығы отбасында көргенін алып, биіктерге, қияларға самғаған. Ал олардан тараған ұрпақтар да ата жолын жалғап, ана сүтін ақтап өріс алып келеді. Күлісхан әжемнің ең үлкен шөбересімін. Аталарымнан естігенді іліп, айтқандарын түйіп, отбасылық тәрбиенің маңызы мен мазмұнын ұғып оқырмандармен бөлісуді жөн санадым. Саналы ұрпақ тәрбиелеу, олардың қызығын көру ата-ана үшін зор мәртебе екендігіне көз жеткіздім. Еңбек пен маңдай тердің жемісін жеу, шаңырақтың беріктігін сақтау, ұлттың келешегін ойлау осыдан басталса керек. Сондықтан да бабалар салған түзу жолмен жүріп, ізін басып, жетістікке жету әрбір ұрпақтың парызы деп ойлаймын. Сонда ғана дәріпті дәстүрімізден, салиқалы салтымыздан адаспай, асқар шыңдарды бағындырмақпыз…
Қанағат АЗАМАТҰЛЫ
ҮЛКЕН ДИХАН

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңбектің ақтаңгері

Әр ауылда ауыздары дуалы, айтқандары жөн ақсақалдар болады. Олардың алдында үлкен де, кіші…