Басты бет Денсаулық ОЛ — ДӘРІГЕР

ОЛ — ДӘРІГЕР

0
4,726

Адам жанының сақшысы саналатын дәрігерлерге алғыс, ілтипат айтылып, ақ баталар беріліп жататыны орынды. Қолы жеңіл, мінезі жұмсақ, оған қоса кәсіби білгірлігі биік деген теңеулердің ақ желеңді абзал жандарға айтылуы заңды. Біздің аудандық ауруханада да осындай жақсы лебіздерге лайықты дәрігерлеріміз көп. Баламыз сырқаттанса, педиатрға жүгінеміз, оның шипасын алған соң, әлемдегі ең мықты дәрігер сол деп бағалаймыз. Терапевт те, гинеколог те солай. Ал хирургтерге деген ілтипат тіпті ерекше. Бүгінгідей қарбалас, көлік сапырылысқан заманда жоқ дегенде аяғын сындырған немесе басын жарған, көлік апатына ұшыраған жандардың ауруханаға жиі түсетіні тағы шындық. 

Хирургияда өзіндік қолтаңбасы қалған, басшылықта да әріптестерінің жоғын жоқтап, мұңын шағысқан көш басында тұрған балалар хирургі Рахметжан Рахимтуллаұлы жөнінде ыстық ықылас айтудың сәті келіп тұр. 60 деген асқаралы жасқа жетіп, саналы ғұмырын тек адам денсаулығын сақтау саласына арнап, оның ішінде хирург деген атына дақ түсірмей келе жатқан дәрігер Р.Зайнидинов жөнінде аз-кем тоқталсақ. Гиппократ антына адалдық танытып, өмір мен өлімнің арпалысқан тұсында адамдарды арашалап жүрген жанға қандай құрмет айтылса да лайықты. Алпысты талтүс деп бағалаған Шерағамыз қандай данышпан дерсің. 60 жасқа келсе де жас жігіттей жүгіріп жүрген дәрігеріміз аудан топырағында дүниеге келіп, туған жерінің адамдарына қызмет көрсетіп келе жатқанына да 35 жылдың жүзі болыпты. Шыққан тегі туралы айтар болсақ, отбасында 7 бала тәрбиелеп өсірген Рахимтулла атамыз бен Рахилям анамыз олардың барлығының да жоғары білім алуы үшін аянбай тер төккен жандар. Жеті баланың бесеуі жоғары білікті дәрігер мамандығын иеленді. Бір отбасынан бес дәрігердің шығуы да ерлікпен пара-пар нәрсе. Бес дәрігер де бес түрлі саланың жетік мамандары атанды. Ата-ана үшін бұдан асқан қандай бақыт керек. Рахметжан Рахимтуллаұлы 1981 жылы Алматы медицина институтының педиатрия факультетін атақты профессор Камал Ормантаевтың кафедрасында бітіріп, бір жыл қалалық балалар ауруханасында интернатураны тамамдайды. 1982 жылы аудандық ауруханаға балалар хирургі болып жұмысқа алынып, одан кейінгі жылдары хирургия бөлімінің меңгерушісі, емхана директоры, бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары лауазымдарында болады. 20 жылдан аса жоғары санатты хирург. Отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Назымы «РЕНКО» фирмасында менеджер, қызы Наиля әке жолын жалғастырып дәрігерлік мамандықты таңдады, бүгінде профессор В.А.Чурсиннің анестезиология және реанимация бойынша резидентурасында оқуын жалғастыруда. Кенжетайы Рахметжан Анел 10 сынып оқушысы.
Хирургтік еңбек жолында көптеген адамдармен сырлас болып, тіпті туыс болған сәттері жөнінде өз аузынан қызықты әңгімелер естудің мүмкіндіктері туғандығын жасырмаймын. Өзі тебірене, тіпті жүрегі елжірей отырып айтатын мына бір әңгімесі менің де есімде қалып қойыпты. Тасқарасу ауылының кішкентай қызының соқырішегі жарылып кетіп, бірнеше қайтара жасаған отадан енді аман қалмайтын болды-ау деген үрей барлық дәрігерлердің дегбірін кетіреді. 14 ақпан 1983 жылы жасы тоғыздар шамасындағы қыз бала өте ауыр халде ауруханаға түседі, егер ұмытпасам алтыншы рет ота жасалады. Рахметжан оқуын бітіріп келген жас маман, тәжірибелі хирургтер баланың өмірін аман алып қалу үшін қолдан келгенін де, келмегенін де жасайды. Бәрі сәтімен өткенімен балаға көп мөлшерде қан керек болады. Қанының құрамы Рахметжан Рахимтуллаұлыныкімен сәйкес болғандықтан еш ойланбастан келіседі, бірден аппараттар қосылады, қан құйылады, бір литрден аса қан құйылған соң баланың беті бері қарайды. Сосын араға уақыт салып тағы да қан береді. Осылайша тоғыз жастағы қызды барлық дәрігерлер және жас хирург аман алып қалады. Ол кез үшін бұл үлкен жетістік болатын. Қазір сол қыз отбасылы, бала-шаға сүйіп Израильде тұрады. 14 ақпан күнін екінші туған күні ретінде тойлайды. Сол күні Рахметжан ағасын да құттықтап, сый-сияпатын жіберуді дәстүрге айналдырған. Міне жасаған жақсылықтың қайтарымы деген осы болар. Рахметжан Рахимтуллаұлы үшін де бұл күн ең ғажайып, ерекше күн. Өмір бойы қызмет етіп бір адамның батасын алмай кететіндер болып жатады, алғашқы еңбек жолында-ақ екінші рет өмір сыйлаған адам ретінде туыс болып, ол сыйластықтарының жібі әлі күнге сабақтасып жатқаны да оған көрсетілген зор марапат.
Еңбек жолындағы әріптестері, бірге оқыған курстастары арасындағы өзіндік абырой, беделі жыл өткен сайын беки түспесе еш кеміген емес. Талай тиімді жерлерге шақыртулар болғандығын да жасырмайды. Облыстық ауруханаға, балалар хирургиясы кафедрасына, шекара әскерлері госпиталіне бөлім басқару сияқты ұсыныстардың барлығынан бас тартқан. Туған жерінде, ата-анасы, бауырларының қасында қалуды жөн көрген дәрігер қырық жылға жуық өмірін тек бір салаға арнағаны да оның туған жеріне деген сүйіспеншілігінен деуге болар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарымен салыстырғанда бүгінгі медицина шарықтап дамып кетті деуге болады. Бүгін хирургтер облыста жасалатын барлық оталарды жасайды, соңғы технологияның барлығы дерлік болмаса да басым көпшілігі біздің ауданға да жетті. Қарапайым тілмен айтқанда лазермен ота жасауды бастады. Алдағы жылдарға компьютерлі томография да келеді деп күтілуде. Диагностикалы әдістемелерді барлық хирургтер меңгерген. Шүкір, шалғай жатқан аудан болсақ та, біз заман ағымына ілескен қауымбыз. Мәдениетіміз де, медицинамыз да, өнеріміз де ешкімнен кем емес.

Дәрігер адам өміріне тіршілік нәрін береді. Оларға мансаптың, байлықтың, атақтың түкке керегі жоқ, оларға керегі адамның денсаулығы, оның тағдыры.Үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын ең қадірлі, құрметті мамандық иесі Рахметжан Рахметтуллаұлының мерейтойына құтты болсын айтып, кейінгі өсіп келе жатқан жас буынға ақыл айтар аға, білгенін үйретер ұстаз болып әлі де адам жанына араша түсетін білгір маман ретінде Сіздің ортамызда ұзақ жүруіңізге тілектеспіз деген ниетпен сөзімді тамамдасам.

Баян
МАМЫРБАЕВА

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

Өзім құрмет тұтатын, ақындығы бір төбе, ұстаздығы бір төбе Мамытхан ағам сырқаттанып аурух…