Басты бет Басты ақпарат ТАЗАЛЫҚ ТӘНДІ ДЕ, ЖАНДЫ ДА СЕРГІТЕДІ

ТАЗАЛЫҚ ТӘНДІ ДЕ, ЖАНДЫ ДА СЕРГІТЕДІ

0
1,736

Тазалыққа дағдыланған адам әркез сергек жүреді. Ондай жандар жан-жағындағы әр затының орын-орнымен тұрғандығына көп көңіл бөледі. Шаң-тозаңның ортасында жүре алмайды. Алла тағала пәктікті, тазалықты сүйеді. Ал оның құлдары адамдар да тазалықты басты назарда ұстаулары да сондықтан. Үй-жайыңның тазалығынан жаның семіреді, ал айналаңдағы тазалықтан жалпы көпшілік сергиді, демалады. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Яғни адамдардың саулығы үшін табиғат та таза болуы шарт.
Көктемгі, күзгі тазалық жұмыстары аудан орталығында дәстүрлі түрде әр сенбіде өтіп тұрады. Айналаң мұнтаздай, үлкен көшелердің бойы тап-тұйнақтай болып тұрса көзің қуанады. Әрі-бері өткен жолаушы да тамсанып өтеді. Құдайдың күні де күздің ортасында шуағын шашып, тазалық жұмыстарына жайлы жағдай тудырып отыр. Өткен сенбіде мұсылман зиратының айналасын тазалауға шыққан мекеме, кәсіпорын қызметкерлері қураған шөптер мен сынған ағаштарды реттеп, ауылға кіреберіс тұсты біраз қоқыстан арылтты. Зираттың айналасын тазалауға шыққан аудандық аурухана, «Қазпошта», телекоммуникация, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық газ, энергосбыт, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, ұлттық парк, мәдениет бөлімі, кірістер басқармасы, аудандық «Қарадала тынысы-Қарадала нәпәси» газетінің ұжымы өздеріне бөлінген аймақты күл-қоқыстан арылтып, айналаны тап-таза етті. Политехникалық колледж Шонжыға кіреберістегі үлкен жолдың бойын тазалап, қала жақтан келетін жолаушыларға ауылымыздың ашылған ажарын көрсетіп мақтана алатындай дәрежеге жеткізді. Зираттың сыртқы жағындағы қоқыстар алынды, енді алдағы уақытта ішін тазалауға бір кісідей атсалысамыз деп отырмыз.
Осы жерде сын емес, ескертпе емес, көзіміз көрген шындықты айтқымыз келіп тұр. Сенбілік қолды жанқалтаға салып, сәнді киім киіп келіп, әңгіме дүкен құру үшін ұйымдастырылған шара еместігін бәріміз білеміз. Біле тұрып, әдемі киініп, қолдарында ешқандай құрал-саймандары жоқ, жұмыс істеп жатқандардың желкесіне тұрып алып әңгіме соққандарын қалай түсінсек екен. Үйдегі шаруаларымызды ысырып қойып, білек сыбанып шыққан соң бөлінген жерлерді жылдамдатып, тазалап, ертерек бітіргіміз келетіні тағы шындық. Қыздар жағы биік өкшелі аяқ киіммен, тойға жасанғандай келіп, не өздері істемей, істегендерге кедергі келтіріп тұратындарын шыны керек ешқандай әдепке жатқыза алмадық. Адам санын көбейту үшін ғана сенбілікке шығатындар болса, ендігі жерде олардың пайдасынан зияны көп екендігін ескерсе басшылар. Шыққан адамдардың қолдарында ең болмағанда сыпыртқылары болса. Әрі-бері көлбеңдеп, қонаққа келгендей жүретін адамдардың өздері ыңғайсыздықты сезінбей ме екен?
Тазаласақ өзіміздің көшемізді, аруақтар жатқан қасиетті жерді тазалаймыз. Оған да желкемізден итеріп, неге құрал-сайманың жоқ дегізген сөздер айтқызу қаншалықты ақылға қонымды? Сенбілік – ауамыздың, айналамыздың, қоршаған ортамыздың тазалығы үшін жасалған игілікті іс. Оған атүстілік, көзбояушылық қаншалықты қажетті? Істегісі келмегендер мүлдем шықпай-ақ қойсын, айналасындағылардың зығырданын қайнатпай. Сауап іс қылу – кез келген мұсылман үшін парыз. Ал оны міндетсініп, басшыларға көріне салу үшін жасау күнәмен пара-пар. Айтарымыз өз жеріміздің, ауылымыздың тазалығына көзбояушылық жасау өзімізді өзіміз алдаумен бірдей. Сондықтан әр сенбідегі сенбілікке жан-дүниеміздің қалауымен шықсақ, нұр үстіне нұр болып, жанымыз да, тәніміз де тазара түсетіндігін ұмытпасақ.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарадалаға …