Басты бет Мәдениет және руханият КІТАПХАНАШЫ БОЛУ БІР БАҚЫТ

КІТАПХАНАШЫ БОЛУ БІР БАҚЫТ

0
2,058

Кітапханаға әр қадам тастаған сайын ерекше бір құдіретті сезінемін. Мен үшін киелі орын. Қолға түспей жүрген, таптырмайтын кітапты көргенде жоғалтқан қымбат дүнием табылғандай қуанатыным бар. 15 қазан кітапханашылар күні болғандықтан газет арқылы жұмыстарын жария етейік деген мақсатым да оңынан келгендей дәл шараның үстінен түстім. Оқырмандар залы сәнді киінген қыздарға толы, өздері біртүрлі толқып отырғандай көрінді. Амандық-саулық сұрасқан соң ұққаным, кәсіби мерекелерін атап өтудің жолы ретінде «Үздік кітапханашы-2017» байқауын өзара өткізіп жатқандары екен. Сырттан келген ешкім байқалмайды. Мен де, олар да қуаныстық.


Мерекелік шара болғандықтан шығар өзіне жарасымды көк көйлек киген жас кітапханашы Кәмшат жүргізуші билігін қолына алып, кітап пен оқырманның байланысы, кітапқұмарлар мен кітапханашының ара-қатынасы жайлы әдемі сөздерін төкпелеп, отырысқа қуанышты реңк берді. Арнайы жасақталған әділқазылар алқасының мүшелерімен таныстырды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының мақаласындағы сананы жаңғырту бөлімі аясында өтетін сайыстың тәртібімен таныстырды. Маған да бұл шара қызықты көрінді. «Қанша адам еңбек етеді, қанша адамға қызмет көрсетті, қанша кітап қоры бар» деген сияқты жаттанды цифрлардан жырақтау, бір сәт аудандағы барлық кітапханашылардың басы қосылған кездесуден өзгеше бір леп, жаңалық іздегенім де жасырын емес. 16 кітапханашы алдарына әртүрлі форматтағы альбомдарын, тағамдардың түрлерін қойып алған. Қалжат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Санам Сидирова көшбасшы болып бастап, өздеріндегі атқарылып жатқан жұмыстарының жинақталған үлгісімен таныстырып, қазылар алқасының алдына жұмыстарын жайып салды. Кіші Дихан ауылының кітапханашысы Адиям Ахмоллаеваның жасаған портфолиесі, яғни құжаттары толтырылған портфелі ұқыптылығымен көзге бірден түсті. Кетпендік Оғлям Момунова, дардамтылық Сәуле Қарабалаева, шарындық Света Сатымбекова, шырындық Рошангүл Марданова, рахаттық Нұрсұлу Халитова мен ең жас кітапханашы бахарлық Мөлдір Ахметқалилардың дайындықтары басқаларға қарағанда көш ілгері көрінді. Сонан соң өзін-өзін таныстыру кезеңі тіпті қызықты болды. Болмаса да ұқсап бағуға тырысқан олар неге екені белгісіз өлең жолдарымен шумақтатты. Біреуінің буыны қиыспаса, екіншісінің ұйқасы жоқ. Дегенмен осының өзі өте тартымды, мектептегі оқушылық сәтті есімізге түсіре қойды. Шарт солай қойылғандықтан олар да шабыттарының жеткенінше, ақындыққа бас ұрып көрген. Өлеңнің қадір, қасиетін түсінгілері келгендіктері байқалды ең бастысы. Қалың кітаптың ортасында отырған соң ақындықтың жолын іздегендері қуантты.
Оқырмандарды көбейту жолдары тақырыбында рефераттарымен таныстырған олар біраз тер төкті. Оқып бергендер де, өз сөздерімен жеткізгендері де болды. Бұл жерде әрине жауыр болған жаттандылық, бір қалыптан шыға алмағандықтары сезіліп қалды. Бәрі де көрме ұйымдастыру арқылы оқырман тартуға, кітаптың қысқаша мазмұнын түсіндіру арқылы көбейтуге болатындығын айтысты. Осы жерде біраз шегініс жасасақ айып болмас. Біздің кезімізде кітапқұмарлыққа тек үйдегі ата-анасының немесе мектептегі мұғалімнің тапсырмасымен ғана емес кітапханашылардың жақсы кітаптың бір көрінісін оқушылардың күшімен пьеса ретінде көрсетулері жиі болып тұратын. Ертегілердің кейіпкерлерін төменгі сынып оқушылары жандарын салып ойнаса, жоғарғы сынып балалары Бердібектің «Менің атым Қожасын», Әзілханның «Махаббат қызық мол жылдарын» қысқаша баяндау арқылы бірі Ербол болса, екіншісі Меңтай, қиқар мінезді Қожа болып сомдайтын. Сол арқылы кітапхананы шағын театрға айналдыратын. Сол күндердің қайталануын тіледім іштей. Әрине орындалмас қиял болар. Дегенмен тамаша туындыны, талантты авторды осылайша дәріптеуге болар еді деген ой қылаң беріп тұрды көкейде.
Бүгінгі ғаламтор, интернет кітап оқуға жастардың құлықтарын төмендетіп тастағандықтары да сөз болды кездесуде. Заман ағымына лайықты солайы солай шығар, дей тұрғанмен кітап арқылы алынатын ләззәт мүлдем басқа. Ол өз қойнына сиқырлап жетелеп, тұңғиығына сүңгітіп әкетеді. Міне сол құбылысты әр оқырманның бойына сіңіре білгенде ғана ол жақсы кітапханашы. Өз өнерлерін көрсету бөлімі де тартымды шықты. Кітапханашылардың ішінде қоңыр дауысты әншілері де, мың бұралған бишілері де, монолог оқитындары да табылды. Қуантарлық жайт. Домбырамен ән айтқан тасқарасулық Гүлбаршын Қабылбекова, арнайы киім әзірлеп, ұлттық би билеген бахарлық Мөлдір Ахметқали, ісмерліктерін құрақ құрау арқылы көрсеткен сұңқарлық Аруна Мубакаева, ақтамдық Светлана Амарова, тағам әзірлеудің шеберлері қалжаттық Санам Сидирова, кішідихандық Адиям Ахмоллаева, сүмбелік Гүлнар Асамбаева, добындық Турсынбүви Ғазиевалардың қолдарынан шыққан тағамдар да мақтауға тұрарлық. Әрқайсысы туралы жеке-жеке айтуға болатын кітапханашылардың бұл күнгі сайыстары да жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде ең жоғары 97 ұпай жинаған Адиям Ахмоллаева бірінші, 96 ұпаймен сүмбелік Гүлнар Асамбаева екінші, үшінші орындарды 95 ұпайдан жинаған кетпендік Оғлям Момунова мен бахарлық Мөлдір Ахметқалилар өзара бөлісті. Аудандық кітапхана директоры Аида Турсунова жылы лебізін білдіріп, әріптестерін мерекелерімен құттықтап, рухани жаңғыру аясындағы шараның шырқау шегіне жетіп, жақсы өткендігін тілге тиек етіп, жеңімпаздарға алғыс хатын табыс етті.
Кітапханашылар да жеңгендерін құттықтап, бір-бірінің қуаныштарын бөлісіп, мәре-сәре болысты. Жылына бір рет келетін кәсіби тойларының табысты өткендігіне біз де тілеулестігімізді білдіріп, білім бастауы, қасиетті жерден қанаттанып шықтық.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…