Басты бет Басты ақпарат ЛАТЫНҒА КӨШУ — ӨРКЕНИЕТКЕ ҚАДАМ

ЛАТЫНҒА КӨШУ — ӨРКЕНИЕТКЕ ҚАДАМ

0
1,472

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан соң елімізде әліпбиімізді латын қарпіне көшіреміз дегелі сан пікірлер мен ойлар ортаға тасталды. Қоғам қайраткерлері мен ұлт жанашырлары, жастар латынға көшу еліміздің көшін түзейтінін, алайда ойланып шешім қабылдау керектігін алға тартты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобын құрғызып, олардың нұсқаларын әрдайым халық талқысына салуды ұсынған болатын. Бұған дейін Парламент отырысында ұсынылған жоба аясында оңды да, теріс те пікірлер айтылды. Қазақтың төл әріптерін диграфтармен жазуға көпшілік қауым оң көзқарас таныта да қоймады. Десе де ел ішінде оның оңды тұстарын айтып, жақтаушылар да табылды. Алайда қоғамда біраз пікірталас тудырған жоба жайында Мемлекет басшысы да ойын білдіріп, басқа жобаларды ұсынуды тапсырды. Осыдан соң апта басында мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы Елбасына жаңа нұсқаны таныстырды. «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Ел тұрғындарының бұл мәселеге бей-жай қарамай отырғандарына ризашылығын білдірді. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов кеңінен баяндады. Елбасы жиынға қатысушылардың пікірлерін тыңдап, бірқатар мәселелерге тоқталды. «Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деп Мемлекет басшысы халық арасында әлі де түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне назар аудартты. Сонымен қатар қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілі мен басқа тілдердің мүмкіндіктерін шектемейтіндігін, жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін, осы мақсатта Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеу керектігін тапсырды.
Бұл жаңа нұсқаның ерекшелігі неде? Алдыңғы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың төл дыбыстарының (ә, ө, ү, ң, ғ) қос әріпті болып келуі болатын. Ал жаңа нұсқада бұл мәселе шешімін тапқандай. Енді біраз әріптер диграфпен емес, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, апо­­с­трофтар арқылы жазылған. Осылайша латын әліпбиінің соңғы нұсқасы 32 әріптен тұрады. Бұл жерде Ә, Ғ, И (Й), Ң, Ө, Ш, Ч, Ү, У әріптері ноқат арқылы жазылған. Ғалымдардың пікірінше, бұл алдыңғыға қарағанда жеңілдеу әрі басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа болып отыр. Әрине, бұл жоба да халық арасында қызу талқыға түсіп те кетті.
Қалай десек те латынға көшу мәселесі күні кеше көтерілген жоқ. Бұған қажеттілік орысша ойлап, өз тілімізді кириллица арқылы бағалайтын жағдайға жеткендігімізден де болды. Ал латын қарпіне көшу туған тіліміздің еркіндігіне жол ашып, бұрынғы құрсаудан шығуға жағдай туғызбақ. Тіліміздің өткен тарихын тануға мүмкіндік бермек. Ең бастысы рухани жаңғыруымызға жазуымыз жол ашпақ.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарадалаға …