Басты бет Тағзым АНАНЫ ҚУАНТУ – АЛЛАНЫ ҚУАНТУ

АНАНЫ ҚУАНТУ – АЛЛАНЫ ҚУАНТУ

0
4,641

Қарттар күні қарсаңында жазуға кейіпкер іздедім. Сондаймыз ғой. Есімізге айтулы күндері ғана сол саланың мамандары немесе соған қатысты дүниелер түсетіні. Оған дейін күйбең тірлік, күнделікті маңызды, маңызсыз тіршіліктермен таңның атып, күннің батқанын байқамай қалып жататынымыз. Сосын есіме 93 жастағы Ұлбала апа түсті. Телефонға жармастым. Хал-жағдай сұрасқан соң, апама базынамды айттым. «Қой шырағым, қызмет істемедім, басшы болмадым, менің немді жазасың?», – деген жауап алдым.  


Тоғыз құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, керемет жақсы азаматтар тәрбиелеп шыққандығының өзі кез келген қызметтен әлдеқайда биік тұрғандығына мән бермеді ме, жоқ шынымен де газет бетіне қызмет еткендер ғана шығу керек деген түсінігінен бе, ол жағын бағамдамадым. Бірақ ойландым. Апамның сөзі терең қиялға жетеледі. Ең ауыр жұмыс «Жақсы ана» болу екендігін ойланбайды екенбіз-ау. Ұлбала апамның сабырлы, салмақты әңгімесінің өзі Ана деген ұғымды маған қайтадан ұғындырғандай болғандығы тағы рас. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген өлең жолдарын бүгінде «Баласы жақсы аналар ешқашан қартаймайды» деп тоны өзгертіліпті. Шындығы солай. «Бір балаң болса да, он балаң болса да адалынан берсін деп сұра Алладан» деп апам жиі айтып отырушы еді. Жақсы бала ананың қуанышы, бақыты. Жасы кеше ғана тоқсанның үшіне шыққан Ұлбала Іліпбаеваны да жақсы балалар тәрбиелеген жақсы аналар қатарына, тіпті төріне отырғыздым.
Алтын құрсақты ана тоғыз бала туып, оның төртеуін жер қойнына беріп, бүгінде көзі тірі бесеуінің тілеуін тілеп отырған жайы бар. Немере, шөбере қолынан су ішіп, соларға батасын беріп отырған аруана белі әлі бүгілмеген, тың, әңгімесі мейізді. Бірін айтып, біріне кететін қарттардың қатарына жатқыза алмайсың. Жан жары Сейсенбек ақсақалды ауыл түгел жақсы танитын. Сарабдал, үсті-басы мұнтаздай, жағасына қылау түсірмейтін сөзі мірдің оғындай қария болатын. Ұлбала апа екеуі ұлдарының ұятты, қыздарының қылықты болып өсулері үшін жанұшыра еңбектенді. Күндіз Ленин атындағы колхоздың әртүрлі жұмыстарына жегілсе, кешке балаларының сабақтарын жақсы оқып, тамақтарының тоқтығын қатты қадағалайтын. Ел қатарлы апиын да кесіпті, жүгері де жинапты, сарымсақ да егіпті. Ал Ұлбала апамыз балаларды ұйықтатып қойып түнімен ісмерлікпен айналысқан жан. Онда да ұсақ-түйек көйлек-көншек емес, тон, ішік, бас киім бөрік, тұмақ тігудің шебері. Қазіргідей дүкендерде дайын дүниелердің қат кезі. Тапсырыс берушілер де көп. Біреулер ақысын төлесе, екіншілері жағдайларын айтып, рақметпен шектеліп, баталарын беріп кетеді екен. Солардың ешқайсысына өкпелеу деген қасиет бойында жоқ апамыз, өзінің біреуге жасаған жақсылығына риза болады екен. Өзі де әңгіме арасында мүмкін қазіргі тоқсаннан ассам да өз шайымды өзім қойып, тіршіліктен қол үзбеуім сол адамдардың маған берген баталарының арқасы болар деп қояды. Ешкімнің ала жібін аттап көрмеген, кісі ақысын жемеген осындай жандардың қатары да сиреп бара жатқандығына іштей налыдым. Ол кісілердің атқарған жұмыстарының бір түйірін жасамай жатып шаршайтын әдет таптық. Алланың берген несібесінен артық ештеңе сұрамаған осындай аналардың саны артса ғой деп армандадым. Ою оюдың шебері болған анамыз оюдың әр нақышын өзі ойлап тауып, айшықтайтын да өнері болыпты. Ұл, қыздарына арнап өз қолымен жасаған текемет, түскиіздері бүгінде олардың мұрағатқа қойылған заттар ретінде сақтаулы болуы да ана еңбегінің құдіреті болар.
«Тұңғыш немерем Қуаныш дүниеге келгенде Мұқаметқалиым мен Әлиям студент, екеуінің оқуына кедергі болмасын деп қырқынан шыққан нәрестені бауырыма салып алдым. Еңбегім еш кетпеді. Бүгінде Қуанышым жақсы азамат боп өсті, баққан еңбегімді ақтап, сәт сайын амандығымды біліп тұрады. Одан артық қандай бақыт керек. Омарғалиымнан өрбіген ұрпағым да бүгін өз қолдары өздеріне жетіп бір-бір шаңыраққа ие болды. Балаларымның үлкені Құрманқан менің өкшемді басып, жетпіске де жетіп қалды. Оның да ұл, қызы өмірдегі орындарын жаңылыспай тапты. Мұқаметқалидан да ұл, қыз, Бақытгүл, Бейбіт, Динадан жиендер сүйдім. 6 баладан 23 немере, 52 шөбере көріппін. Осылардың біреуінің де жаман аттары шықпады. Бәрі жоғары білім алды. Әкелері көрмеген балаларының қызығын мен көріп отырмын. Шүкіршілік етемін. Ұзақ жасаудың сыры ең алдымен еңбекте, сосын көпшіліктің батасын алуда дер едім. Елге жасаған жақсылығың ешқашан еш кетпейді», – деп әңгімесін сабақтаған Ұлбала апамның әр қадамын, сөзін, қимылын бағып отырған мен де осындай аналардың ұлттың анасы боларлықтай еңбегіне риза болдым. Қарапайымдылық, кісілік, шынайылық, адамгершілік, еңбекқорлық деген қасиеттердің жұрнағы осы кісілерден бізге де жұқса игі деген тілекпен қош айтыстым апаммен…

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҚСЫЛЫҚ – ЖЕТІСУДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Өткен аптаның бейсенбісінде Қарадаланың халқы қасиеті орасан халық әндерінің әуелеген орта…