Басты бет Өңір тынысы СҮМБЕДЕГІ ҚУАНЫШ

СҮМБЕДЕГІ ҚУАНЫШ

0
1,395

«Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін». Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған осы ойда білімнің бәсекеге қабілеттілігі де басты орынға шығарылған. Бүлдіршіндерге білім беру балабақшадан басталатындығы анық. Сондықтан елімізде «Балапан» бағдарламасы аясында жекеменшік балабақшалар саны артуда. Жуырда Сүмбе ауылында да «Балдәурен» балабақшасы өз бүлдіршіндеріне есік ашты.
Шошанай ауылының тұрғыны Сыдықова Нұриса Сүмбе ауылдық округінде бірде-бір бақшаның жоқтығын ескеріп, бұл істі көптен ойға алған болатын. Ақыры көздеген мақсатына қол жеткізді. Сүмбе ауылынан жалға үй алып, 25 балаға арналған, сәні келіскен бақша ашты. Бөбектер мекенінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ақсақалдар, ауыл тұрғындары қатысты. Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетовке берілді. Өз сөзінде жекеменшік балабақша ашу ісі біздің ауданда көш ілгері екенін, балаларды мектепке дейінгі білім беру жүйелерімен қамтуда 97 пайызға жеткенімізді айтты. Елбасының көреген саясаты еліміздегі бар баланың балабақшамен қамтылуына зор ықпал еткенін айтқан Құралбек Ахметбайұлы жаңа бақшада еліміздің гүлденуіне атсалысатын ұлтжанды азаматтардың тәрбиеленуіне тілектестігін білдірді. Ауыл ақсақалы Ақылбеков Әсет атамыз да жаңа бақшаның табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге құт тіледі. Аудан басшыларына алғысын айтып, ақ батасын берді. Ал ата-аналар атынан сөз алған Көпжасарова Өрлесін апамыз білімді ұрпақ – келешектің кемел болуының кепілі екенін айта келе, аналық ақжарма тілегін жеткізді. Мұнан соң қуаныштан жүздері бал-бұл жанған бал тілді бүлдіршіндеріміз әндерін айтып, өлеңдерін оқып берді ата, апаларына.
«Балдәуреннің» лентасын аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов пен ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Әсет Ақылбеков қиды. Жан-жақтан келген қонақтар балалардың бал мекенін аралап, танысты. Жатын орын, ойын бөлмесі, асхана, әдістемелік кабинет, балалардың тамақтанатын бөлмесі, бәрі де талапқа сай жабдықталған. Көз жауын алар ойыншықтар мен әдістемелік құралдар да жетерлік. Енді тек білікті мамандармен қамтылып, сәбилеріміздің озық ойлы болуына ассалысса болғаны. Өйткені үздік білім, үш тілді меңгеру – бүгінгі күннің басты талабы. Ал білімді ұрпақ – алыптар арасындағы Қазақстанды алға бастаушы, кемел келешегіміздің кепілі, қала берді Тәуелсіз еліміздің ту ұстар тұлғалары.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…