Басты бет Тағзым АБЫРОЙЫ АСҚАҚ ОТБАСЫ

АБЫРОЙЫ АСҚАҚ ОТБАСЫ

0
1,322

Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен майдандас болған, ғасыр жасаған абыз қария Күрішбек атамызды тұтас республика таниды десек қателеспейміз. Ұлтжанды ұл, ибалы қыз өсіріп, бүгінде немере, шөбере, шөпшектің қолынан су ішіп, дариядай ақылын артында қалған ұрпағына ұлағаттап отырған атамыз облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз атанғанын бұдан бұрын сүйіншілеп жеткізгенбіз. Республикаға жолдама алған Көжекбаевтар отбасы өткен аптада Астанада өткен «Мерейлі отбасы» байқауы республикалық конкурсының қорытынды кешіне қатысып қайтты.
4 жылдан бері аталып келе жатқан отбасы күнінің дәстүрлі шарасы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауы биыл да жалғасын тапты. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өткізіп келеді. Биыл конкурсқа 2879 отбасы қатысып, олардың ішінде 1041 жанұя көп балалы екені анықталған. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда еңбеккерлер әулеттері өкілдерінен құралған отбасылардың саны 6,8%-ға өсіп, биыл 516 отбасы қатысқан.
Сол үш мыңға жуық жанұяның арасынан республикалық деңгейде үлгі етуге тұрарлық шаңырақ деп танылған Көжекбаевтар әулеті ең әуелі өздерінің 106 жастағы қазыналары – Күрішбек атамен марқайса, екінші ұстаздар династиясы екенін мақтан тұтады. Байқау жеңімпаздарын Бас қаланың қақ төріндегі Қазақстан орталық концерт залында «Мерейлі отбасы – 2017» байқауының қорытынды гала-концертінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова марапаттады. Сөз алған Гүлшара Наушақызы қатысушыларға ізгі тілегін айтып, Елбасының құттықтаухатын оқып берді. Елбасы әрбір отбасы туралы мәлі­метпен таныс болғанын және байқаудың ары қарай да жалғасын таба беруіне тілектестік білдіргенін жеткізді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпазы Қарағанды облысынан қатысқан Куриленко отбасы болды. Десе де Күрішбек атамыздың аты аталғанда тұтас залдағы көрермендер өре түрегеліп, шапалақ соғып, елден ерек зор құрмет көрсетті. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған халықтың толассыз қошеметіне бөленген атамыз үшін біз көгілдір экранның бері жағынан да ерекше қуандық. Ықылас пен қошеметке ие болған Көжекбаевтар отбасына Қазақстанның кез келген қаласынан тұрмыстық техника сатып алуға 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Сонау алты Алаштың басы қосылған бағаналы ордамыздың қақ төрінде құрметке бөленген Күрішбек атамыздың абыройы қашанда асқақ болғай. Ұрпақтарына шуағын шашып, елі мен жерін нұрына бөлеген абыз-қарияның ақ самайын лайым кір шалмағай!
ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҚСЫЛЫҚ – ЖЕТІСУДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Өткен аптаның бейсенбісінде Қарадаланың халқы қасиеті орасан халық әндерінің әуелеген орта…