Басты бет Заң және қоғам АЛИМЕНТТЕН БАС ТАРТҚАН ӘКЕЛЕР

АЛИМЕНТТЕН БАС ТАРТҚАН ӘКЕЛЕР

0
1,377

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз тектен тек айтылмаса керек. Отбасын құрғаннан кейін шаңырақтың шайқалмауы, керегенің беріктігі ең маңыздысы. Алайда отбасындағы жағдайларды, дау-дамайларды қоғамға байланыстырып жатамыз. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың, сыйластықтың, ауызбіршіліктің сақталмауы мүлде ойымызға да кірмейді. Түймедей дүниені түйедей етіп, болмасқа бола «ажырасу» деген сөзді санамызға құямыз. Содан отбасы ойран болып, бала әке қамқорлығын, ана сүйіспеншілігін толықтай сезіне алмайды.
Өткен аптада аудандық прокуратурада алимент төлеушілердің мәселесі қаралып, өз баласына ай сайынғы қаржыны құймағандарға біраз дүние түсіндірілді. Жиында сөз тізгінін ұстаған аудан прокуроры Арман Омаров болашақтың тұтқасы бүгінгі өсіп келе жатқан ұл-қыздардың қолында екендігін айтып, қандай жағдаймен ажырасуға барса да ата-аналық міндетті шетке ысырып қоймау керектігін түсіндірді. Бала анасының қасында болса, әке баланың ішіп-жейтінін, киетінін тауып беруге міндетті екендігін айтты. Әр істеген іске жауапкершілік таныту ер азамат үшін абырой болатынын жеткізді. Жиынға қатысушылардың санасына бірер ой салып, толғандырып қойды аудан прокуроры. Жалпы алимент төлеу бойынша қарыз азаматтардың атын атап, өңін түстеген аудандық прокуратураның прокуроры Шахмурат Имиров бұлай жүре берсе жазасыз қалмайтындықтарын ескертті. Алимент бойынша қарызы миллионнан асып кеткен азаматтарға да сұрақ қойылды. Әрқайсысы әр түрлы сылтау айтып жатты. Бірі жұмысқа жарамсыз екендігін алға тартты, екіншісі жағдайының жоқтығын айтты, енді бірі баланың киім-кешегін тауып, керегін алып беріп жатқандығын, жұбайына сенбейтіндігін жеткізді. Тепсе темір үзетін азаматтардың сылтауына сын айтқан аудан прокуроры Арман Омаров сот орындаушылардың жұмысына да сыни көзқараспен қарады. Балаларының мектепке қалам, қағаздарын табу үшін жұмыс істеп жүргендерін бейнеролик арқылы көрсетті. Ал аудандық сот орындаушы Қайсар Оңғарбаев алимент төлеушілер жайында ақпарат беріп, кейбіреуінің ісі сотқа жолданғанын жеткізді. Сонымен қатар заң бойынша жауапқа тартылған азаматтардың аты-жөнін атап, ендігі уақытта оларға қолданылатын жазаның түрімен де таныстырды. Жұмыстың жоқтығын сылтауратқандарға бос жұмыс орындары туралы хабар берген аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Серік Қапаров бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім беріліп жатқандығын ескертті. Егер жұмысқа ниеттілер болса жұмыспен қамту орталығына келіп жолығуларына болатындығын да айтты.
Аталмыш тақырыпқа орай осы аптада құқық қорғау органдарымен бірге тағы бір рет дөңгелек үстел өтіп, алимент жайы кеңінен қозғалды. Осы мәселеге қатысты тиісті орындар бірнеше сұрақтың жауабын табу жолын қарастырды. Мұнда заңмен белгіленген жаза, айыппұл салу, қамауға алу сияқты істер талқыланды. Дін жағынан да белгіленген тәртіптер жайын қаузаған аудандық орталық мешіттің бас имамы Данияр Рақышов өз ойын ортаға салды. Аудан прокуроры Арман Омаров сен тимесең, мен тимейммін дегенді қойып, алимент төлеуден жалтарғандарға заң тармағымен шара қолдану керектігін алға тартты.
Әкелік құқығын атқармай жүрген азаматтардың ауданда саны артып кеткендігі қынжылтады. Баланың анасы күн көріс қамымен қолынан келгенше жұмыс жасап жатқанда, әкелер аяғын аспанға асып қойғандығы сын емес пе? Отбасында ойран болды, бірақ баланың кінәсінің жоқтығын да естен шығармау керек-ақ. Бұл еркек деген атқа дақ түсіретіндей.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жө…