Басты бет Денсаулық ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАНҒА ДАУА

ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАНҒА ДАУА

0
229

Өз маман-дығын құрметтеу, оны жан-тәнімен сүю, махаббатына бөлену үшін де білгірлік, талпыныс керек. Ал мамандық таңдауда бойдағы икемділікке, бейімділікке, ұмтылысқа қараған жөн. Адам жанының арашашысы болып жүрген, ауруын дәл тауып, емін нақ жүргізген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қай уақытта болмасын бағалауға лайықты. Олар осы мамандықты таңдар алдында өздерін ойша дайындап, бойларындағы қорқыныш, үрей сынды әсерлерді жеңуге тырысары да анық. Соған қарай алдыңа келген адамды емдеу де бір өнер. 


Адам ағзасындағы ауруды тауып, денсаулығының түзеліп кетуіне атсалысу – еңбек. Бүгінгі таңда ақ халаттылардың арасынан талай жыл еңбек етіп, қиыншылығына мойымай, әр ісіне ұқыптылық танытып жүргендерге сүйсініп қарайсың. Олар сені тек дәрімен ғана емес жылы сөзімен де емдей алатын білгірлер десек артық айтпаймыз.
Адамның ауруы жанына батқан сайын ашушаң боларын айтқан аудандық орталық аурухананың мейірбикесі Рақыш Сванғожаеваның осы салада еңбек етіп жатқанына 35 жылдың жүзі болған. Ол 1960 жылы Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында дүниеге келген. 1967 жылы С.М.Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1977 жылы тамамдаған. Жастайынан зерек, алғыр болған Рақыш апай дәрігер болуға қызығушылық танытып, ұмтылыс та жасайды. Өзі көпбалалы отбасыдан шыққаннан кейін бауырларына, ата-анасына қарайласып арада біраз жыл армандарын алдағы уақыттың еншісіне тапсырады. Уақыт өте келе Қырғызстанның Пржевальское қаласындағы медициналық колледжіне түсіп, жалпы мейірбике мамандығын иеленеді. «Талпыныс, ұмтылыс, қызығушылық адам бойындағы жігерді тасытып, шыдамдылықты қайрайтын құбылыс», – дейді Рақыш апай. Осылайша 1983 жылы ауданымызға келіп «Автопаркте» фельдшер болып жұмыс жасайды. Одан кейін аудандағы орталық ауруханаға ауысып, алған мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады. «Бұл жерге келгенімде білмегенімді үйретіп, білімімді тәжірибе жүзінде шыңдаған сол кездегі дәрігерлердің бірі Флора Агибаева еді. Мен сияқты жас мамандарды үнемі алға сүйреп, білгенін үйретуден жалықпайтын», – дейді Рақыш апай. Сол уақыттарда аудандық орталық аурухананың ұйымдастырған іс-шараларына белсенділік танытып, аудан көлемінде өткен жұмыстарда да алдыңғы қатардан көрінгендігін айтты. Өткенді еске түсіріп, медицина саласындағы қызықтарын көз алдына келтіріп, езу тартқан Рақыш Сванғожаева «1997 жылы аудандағы дәрігерлер арасында көңілді тапқырлар клубы (КВН) құрылып, бірнеше топқа бөлініп жарысқан едік. Солардың ішінен біздің команда топ жарып, бас жүлдені иеленіп, тоңазытқыш ұтып алған болатынбыз. Жұмыстың ауырлығына да, қиындығына да шыдамдылық танытып, осындай жиындардың арқасында бой сергітіп алушы едік», – дейді.
Науқастарды емдей жүріп, үш баласын да белгілі бір жетістікке жеткізген Рақыш апайдың жолдасы өмірден ерте өткеннен кейін бала-шағасына қазақи тәрбиені сіңіріп, өмір жолында өз орындарын табуға барынша еңбек етеді. Еңбегінің арқасында барлығы жоғарғы оқу орындарында оқып, бүгінгі күнде облыстың әр бөлігінде абыройлы қызмет атқарып жатқан көрінеді. 35 жылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміз артынан ерген ізбасарларына да тәлім-тәрбиесін беруден жалыққан емес. «Ешкім маман иесі атана сала барлығын біліп кетпейді. Өзім де солар сияқты жас маман болғанмын. Маған да бұл саланың қыр-сырын үйреткен. Әрине, бір нәрсені меңгеру үшін біріншіден білім, екіншіден ынта, үшіншіден қабілет керек. Өзіңнен үлкеннің сөзін байыппен тыңдап, оның білгенін меңгеріп алу да қасиет. Дәрігер болу үшін аса жауапкершілік керек. Сондықтан болар, бізді адам өмірінің арашашысы дейтіні», – дейді ол. Бүгінгі күнде Рақыш апайдың тәрбиесін алған мамандар аудандық орталық ауруханада лауазымды қызмет атқарып келеді.
Жауапкершілігі мол медицина саласының қыр-сырын меңгеру, адам жанын түсіну, ауруына ем табу оңай дүние емес екендігі белгілі. Ендеше қиындығы мол бұл салаға жан тәнмен берілу әркімнің қолынан келе бермесі де анық.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Ағриқниң әң ямини – һорунлуқ!

ХХІ әсир, медицина тәрәққий әтти дегинимиз билән, ағриқларниң түри азийиватқини йоқ. Әксич…