Басты бет Денсаулық ТАБИҒАТТЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАСЫ…

ТАБИҒАТТЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАСЫ…

0
2,232

Адамнан және оның денсулығынан артық қандай қазына болуы мүмкін. Ал сол денсаулықты күту, сақтау адамның өз қолында екендігінде тағы дау болмас. Денсаулық кепілі – тазалық десек, ол адамның рухани, мәдени деңгейі мен кісілігі, тәрбиесінің маңызды көрсеткіші болмақ. Адамдардың түр-түсі, бет-бейнесі, тұла бойының сәнділігі, айналасына тартымдылығы да оның денсаулығынан хабар берсе керек. Ал адамдардың бір-біріне деген шынайы адамгершілік қатынасы, адалдығы, сыйластығы да жаны таза, ойы кіршіксіз, ниеті түзу адамдардың көптігімен бағаланары тағы өмір шындығы. Әсіресе адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін мамандық иелерінің адами қасиеттерінің биік болуы, сыпайылығы, мәдениеттілігі керек-ақ. Кейде өкінішке орай ондай қарым-қатынастарға зәру болып жататын кездеріміз аз емес.
Басың ауырып, балтырың сыздағанда бірден ауруханаға аяңдайсың. Жол бойы қандай дәрігерге тап келем деген ой ауырған жеріңді одан әрі сыздата түседі, көңіліңе еріксіз қонақтаған үрей де үстемеленеді. Егер алдыңнан маңдайы жарқырап, ашық-жарқын дәрігер ұшырасса, сырқатыңның біраз бөлігі өз-өзінен азая бастайды. Шіркін әркез осындай ақ халатты абзал жандардың қатары молая түссін делік.
Аудандық емхананың күндізгі бөлімінің дәрігері, учаскелік терапевт Зарина Исраилқызының қабылдауынан шыны керек жүрегіміз жібіп, көңіліміз марқайды. Жас дәрігерлерге деген соңғы кездегі сенімсіздік, алаңдаушылық бір сәт өз-өзінен сейіле бастады. Әр сөзіңді қалт жібермей, ауырған жеріңнің себеп-салдарын іздеп, мән берілмейді дегеннің өзіне тоқталып, мұқияттылық пен өз ісіне деген жауапкершілігін бірден сездірді. Әңгімеміз жарасып, таныстығымызды бекіте түсіп, жөн сұрастық.
Шонжы ауылының тумасы екен. Әкесі Исраил Бакриев ауған соғысының ардагері, әскери қызметкер, анасы Мукарам Разаққызы №1 Шонжы орта мектебінде ұзақ жыл ағылшын тілі пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз болып шықты. Зиялы отбасында тәрбиеленгендігі әрбір сөзінен, қимылынан байқалып тұрды. Орта мектепті тек «үздік» деген бағаларға аяқтаған соң бала кезінен армандаған мамандығы дәрігерлікті игеру үшін Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина институтына құжаттарын тапсырады. Тестен, барлық конкурстардан ең жоғары балл жинап, грант иегері атанады. Нағашы атасы Разақ Тохметұлының жолын басып, дәл сол кісідей парасатты, жоғары білімді, білгір дәрігер атансам деген арманы жүзеге асқан қыз ендігі жерде атасының ұзақ жыл аудандық аурухананың бас дәрігері болған кезіндегі абыройын асқақтата түсіп, ата атына кір келтірмеуді өмірлік кредосы етіп қояды. Ең бастысы сабақтарын жақсы оқып, адам өмірінің арашашысы деген киелі мамандықты мықтап меңгеруді мақсат еткендігін бір сәт те есінен шығарған емес. Жоғары білімді терапевт дәрігер мамандығын да тек «үздік» бағалармен аяқтайды. Ата атына лайықты қызмет атқару үшін үлкен қалада қалу мүмкіндігі бола тұра, туған жерге туын тігеді. Бес жыл учаскелік терапевт болып жұмыс істеген мерзімінде аудан тұрғындарының басқаларға ұқсамайтын мейірбандығы, қонақжайлығы, сыйластығы оны өз құшағына сіңдіре түсіп, туған жердің қасиетін ерекше сезінді. Әкесі де, анасы да бақи дүниеге ерте аттанып, әпкесі екеуінің ерте есейіп, ес жиюларына, ертерек шешім қабылдауларына себеп болғандай. Асқар таудай болып әкең сүйеніш болса, мамықтай жүрегімен анаң тілеулесің болса, кәнеки. Өмірдің сан қилы кедергілерінен, соқпақтарынан еш қиындықсыз өтер едім деген балалық арман да кейде қылтиып, ата-анаға сағынышы сағымға айналып, қамығып қалатын кездері жиі болып тұратындығын да жасырмады. Дей тұрғанмен, Алланың ісіне наразылық келтіре алмаған ашық мінезді қыз барлық жақсылықты алдағы күннен күтетіндігін, Милана атты қызының бал қылығының күн сайын аналық мейірімін арттырып отырғандығын да сөз арасында ерекше бір сезіммен жеткізді.
У часкесіндегі денсаулығы сыр беріп жүрген зейнеткерлермен жиі әңгімелесіп, дәрігерлік кеңес беріп, дәрі-дәрмектерін уақтылы қабылдауларын қадағалауға да уақыт табатындығын айтты. Соңғы кезде жастар арасында жүрек, қан айналымы ауруларының көбейіп тұрғандығына дәрігер ретінде көптеген сын, ескертпелерін де жасырмады. Ас – адамның арқауы деген жақсы сөз бар. Бүгінде адамдардың тамақтану мәдениетінің төмендігін, қимыл-әрекеттің аздығын, шикізатты, яғни полуфабрикатты өнімдерді көп пайдаланудың зиянын әр келген сырқатына түсіндіріп, ауырмаудың ең оңай жолдары туралы кеңесін аямайтындығын да айтты. Мүмкіндігінше тамақты шақтап жеуді өмір салтына айналдырғанда ауру-сырқаудың әлдеқайда азаятындығын да баппен баяндады.
Медициналық сақтандырудың өмірімізге енуі туралы да дәрігер ретінде пікірін айтып, пациенттерге, тұрғындарға өте тиімді дүние екендігін, әсіресе зейнеткерлерге, жұмыссыз жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен жақсылық екендігін жеткізді. Ол жөнінде әр тұрғынмен жеке-жеке сөйлесіп, насихат жұмыстарының жүргізілгендігін, осы айдан бастап жұмыстары бар адамдардың тиеселі жарналарын аударатындықтарын да айтты. Дәрігерлердің де өз жұмыстарына деген жауапкершліктерінің артып, бәсекелестікке қабілеттері өсетіндігіне сенім білдірді.
Өзінің рұқсатымен ем қабылдап жүрген апайдың саулығын қадағалаған кезінің куәгері болдық. Жылы сөзімен ешқандай қауіптің жоқтығын айтып, сырқатты жақсы лебізбен шығарып салған жас маманның әрбір қимылын қалт жібермей біраз уақыт сын көзбен сүзгіден өткізген дәрігермен жылы қоштасып сыртқа шықтық.
Тазалықтан басталған әңгімемізді тазалықпен аяқтауды жөн санадық. Шынында да үйде де, түзде де тазалық сақталғанда, мәдениеттілік, салиқалық, кісілік туралы сөз қозғау орынды. Ал адамның ішкі жан дүние тазалығын кір шалдырмау үшін оның рухани дүниесінің пәктігін қорғау қиын болса да әрқайсысымызға керек қағидат. Сондықтан тазалықты сақтау жай ғана таза жүру, денсаулыққа негіз қалау, ауру-сырқаудың алдын алу ұғымдарынан әлдеқайда кең, сайып келгенде адамдық кемелдік туралы ұғым болып саналады. Тазалық – саулық кепілі, саулық – байлықтың негізі. Бүгінгі кейіпкеріміз Зарина Бакриеваның жастығы мен алғырлығы, өз кәсібіне деген махаббаты қуантты. Ылайым, осындай отбасында да, жұмысында да тазалықты ту еткен қыз-келіншектеріміз көп болғай.


Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

Өзім құрмет тұтатын, ақындығы бір төбе, ұстаздығы бір төбе Мамытхан ағам сырқаттанып аурух…